Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қалыңдығымен кинотеатрға барған шымкенттіктің көлігін ұрлап кеткен

AstanaTV
27.09.2023ж. 08:00
1104
Қалыңдығымен кинотеатрға барған шымкенттіктің көлігін ұрлап кеткен

Шымкент тұрғыны қалыңдығымен кино көремін деп көлігін таппай қалды. Белгісіз ер адам темір тұлпарды айдап әкеткен.

Полицияға арызданған тұрғынның айтуынша, ауыр жұмыс күнінен кейін қалыңдығымен кино көруге келген ол Mercedes-Benz Sprinter көлігін кинотеатр маңына қойып кеткен. Алайда шыққан соң көлігін таппай қалған.

Көлік ұрысын ұстауға №776 автоэкипаж бағытталған. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары патрульдік полицейлерге ұрланған көліктің қозғалыс бағыты туралы хабарлап отырған. Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талаптарына бағынбаған ер адам жасырынуға тырысыпты. Дегенмен ол бірнеше минуттан кейін Қаратау ауданындағы көшелердің бірінде ұсталды.

Айта кетейік, көлікті ұрлап кеткен ер адам мас күйде болған.

«Медициналық куәландыру қорытындысы ер адамның мас болғанын көрсетті. Осы құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды», – деді полицей Ғабит Әбдірахман.

Тергеушілер бөтеннің көлігін заңсыз иемдену жайты бойынша Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.