Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Биыл елімізде 7 560 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 229 адам қаза тапқан

27.09.2023ж. 20:00
493
Биыл елімізде 7 560 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 229 адам қаза тапқан

Биыл елімізде 8 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 229 адам қаза тапқан. Мамандар оқыс оқиға көбіне жылу маусымы кезінде болатынын айтады. Әсіресе, үйді көмірмен жылытатындар үшін қыс -қауіпті. Өңірлерде жағдай қалай? Жалпы аймақтар жылу маусымына дайын ба? Тілшілеріміз тарқатады.

Астана қаласында жылу маусымы әлі басталған жол. Алайда, қала шетіндегі жер үйлердің тұрғындары көмір жағып, баспаналарын бір мезгіл жылытып алады. Көгілдір отынға қосылмағандықтан Арқаның ұзақ қысын қауіппін әрі күйбеңмен өткіземіз дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Былтыр бір өтірік айтпаймын, бір үш рет төрт рет жаңағыдай қалай айтсам артқа қарай несі шығып, қара түтіні шығып, сондай жағдайлар болған. Есіктің бәрін ашып.
- Қысты күні оңай емес қой білесіз. Ал былай жалпы енді болады. Үйренген нәрсе, газбен болып жатса конечно жақсы. Қаланың басқа жерлерінің бәрі газ ғой білесіз.
- Мысалы мен бір жазда 14 тонна көмір жағам. 14 күл қайта шығады сол. Сол шелекпен тасып, кіргізген. Зейнеткер адамбыз. Шаршадық действительно.

Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі өткен жылға қарағанда биыл өрт оқиғасының 6,8 пайыз артқанын айтады. Тілсіз жаудан қаза тапқандардың да саны өскен. Апаттың алдын алу мақсатында жеке секторларға рейдтік шаралар жүргізіп, өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға ескерту жасаған.

Марғұлан АМАНБАЕВ, ҚР ТЖМ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Елімізде 172 мыңнан астам рейдтер жүргізіліп, оның барысында халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 25 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігін бұзып, пештерді пайдаланатыны анықталды. Ол туралы әкімдіктерге хабарланды.

Қазгидромет мамандары күн әзір суытпайды дейді.

Алтынзер ЕСБОСЫНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:

Алдағы күндері республиканың басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сыйпаты сақталады. Жаңбыр жауады, найзағай мен екпінді жел күтіледі. Температуралық фонда елеулі өзгерістер күтілмейді.

Қазір еліміздің барлық өңірі жылу маусымына дайындығын пысықтап жатыр. Жауапты сала басшыларынан қыстың суығына сақадай саймыз деген жауаптар естіледі. Шенділер сөзінің рас-өтірігін алдағы аязды күндер айқындайды. Былтыр қыста қатып қалған Екібастұздағы жағдайды әріптесім Өзгеріс Қуанар айтады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодар мен Ақсу қалаларында 25 қыркүйектен бастап жылу берілді. Қазір оған қатысты мәселе жоқ. Ал Екібастұз тұрғындары 1 қазанда жылуға қосылады. Қазір кеншілер шаһарында дайындық жұмыстары қызу жүруде.

10 қазандықтың 6-сы дайындықтың соңғы сатысында. Қалғаны қазанның соңына дейін аяқталады - деп жоспарланған. Биыл апаттан кейін 77 шақырымдық жылу құбыры ауыстырылған. Алайда, сынақтан өткізу кезінде желілер қысымға шыдас бермей жарылып жатыр.

Жаңадан жарылған құбырларды айтпағанда былтырғы апат орны әлі толық қалпына келмеген. Көктемнен бері жасалып жатқан жұмыстардың осы күнге дейін аяқталмауы тұрғындардың көңіліне күдік ұялатып тұр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бұл енді сәуір айынан басталды. Әлі де міне қазып жатқан жерлер өте көп.
- Жылу беріп қыста жылы болады дегенге мен сенбеймін де және ойымда жоқ.
- Істеп жатқан жоқ тұр. Жөндеп істеп жатқан жоқ, жаз бойы ашық жатыр.

Қазір кеншілер қаласындағы 690 көп қабатты тұрғын үйдің 664-і жылу қабылдауға дайын. Баспаналардағы жылыту қондырғылары мен ішкі жылу жүйелерін дайындау жұмыстары жүргізілді.

Аян БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Төрт магистраль реконструкциядан өтуі тиіс еді. Үш магистральде жұмыстар аяқталды. Енді оны абаттандыру мәселелері қалды. Жылу камераларының облицовкасы бар, көму жұмыстары бар, оны тегістеуі бар. Ол жұмыстарды біз бір-екі аптаның ішінде аяқтауды көздеп отырмыз. Бірақ магистраль іске қосылып жұмыс істеуге дайын бүгінгі күні.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Биылғы қыстың қалай боларын болжау қиын. Десе де, екібастұздықтар былтырғыдай апат болмайды - деген сеніммен отыр.