Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Әлемде 150 миллион бала қара жұмысқа жегілген

27.09.2023ж. 20:00
571
Әлемде 150 миллион бала қара жұмысқа жегілген

Әлемде 150 миллион бала жұмысқа жегілген. Бұл әрбір оныншы жеткіншектің ауыр еңбекпен айналысатынын көрсетеді. Оның 80 миллионы денсаулығына қауіпті өндірісте еңбек етеді. Бұл -Халықаралық ұйымның мәліметі. Біздің елде де жағдай мәз емес. Жоқшылық азабынан балалығынан бас тартқандар жетерлік. Тақырыпты әрі қарай әріптесім Аружан Задабек жалғастырады.

“Көлігіңізді тазалап , әйнегіңізді сүртіп берейін”. Таныс сөз бе? Үлкен қалаларда қолына шелегін ұстап ересектерден жұмыс сұрап жүрген кішкентайларды көп көреміз. Олар 100-200 теңге үшін жолында кезіккендердің тілеуін орындайды. Біз де бұл мәселені зерттеу үшін әлеуметтік эксперимент жүргіздік.

Кәмелетке толмай жұмыс істеп жүрген Фархат қана емес. Олар- көп. Іздеп алысқа бармадық. Дәл үй жанындағы дүкеннің біріне соғып едік, қос балдырғанның сауда жасап отырғанын көрдік. Сағат түнгі - 11 жарым. Үлкендердің өзі істей алмайтын шаруаны ересектердің қарауынсыз өздері дөңгелетіп отыр. Қалай қорықпайды? Мені алаңдатқан мәселе де - осы. Жанына барып әңгімеге тарттық.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Кәмелет жасқа толмаған балалар қандай да бір кәсіпкерлікпен айналысуға құқықтары жоқ. Олар 14 жас пен 18 жас аралығында ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатымен тек қана өзіне тиесілі нәрселерін ғана сата алады.

Мектеп жасындағы балалар табыс таба алады. Тек арнайы шартпен. 16 жасқа толғандары екі жақты келісім жасасса жеткілікті. Ал 14 жастағылардың ата-аналары да келісім беруі тиіс. Бастысы, оқу процесін бұзбайтын, сабақтан бос кезінде, денсаулығына зиян келтірмейтін болса еңбек етуге құқысы бар.

Самал ЖҰМАҒАЗИЕВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланы жұмысқа алған жағдайда, жұмыс беруші ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабының 3-тармағына сәйкес 50-ден 200-ге дейін есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, жауапкершілік қарастырылған.

Әрине, оқудан тыс уақытта аз-маз табыс тауып, ата-анаға, үй ішіне көмектескен дұрыс-ақ. Заң бұған рұқсат береді. Тек ол ата-ананың келісімімен, зияны тимейтін жұмыс болса игі.