Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

"Бюджетті басқару құқығы дегеніміз жеке қаржы емес екендігін әкімдер түсіну керек", - саясаттанушы

27.09.2023ж. 20:00
485
"Бюджетті басқару құқығы дегеніміз жеке қаржы емес екендігін әкімдер түсіну керек", - саясаттанушы

Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілмек. Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан бастама өте маңызды дейді сарапшылар. Бұл келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Ал қаржыны қай мәселеге бағыттайды, ол сол аудан әкіміне тікелей байланысты болмақ. Толығырақ әріптесім, Ақбота Базарбай тарқатады.

Ауданның барлығы дерлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Енді сол аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару еркіндігі берілмек. Бұл түскен салықтың бір бөлігі арқылы жергілікті жердің мәселесін дереу шешуге мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкімі Президенттің жолдауда айтқан бұл ұсынысын қолдайды.

Рақымберді МҮЛКІМАНОВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мен ойлаймын енді осы жаңа атап өткендей облыстық деңгейдегі райондардың өзіне түсетін тиісті салықтарын өздеріне бөліп, өздеріне жоспарлауға рұқсат берсе ойлаймын осы районды сол елді мекенді , сол жерді сол аудан әкімі дамытуға ғана жол салады. Себебі қосымша дамытып, сол жерге инвестиция тартып, қосымша өндірістер ашса, одан түсетін салықтың бәрі өзіне қалатынын біледі.

Аудан басшысы қаржыны жоспардан тыс тосыннан туындаған мәселеге де пайдалана алады. Жауапты орталықтан рұқсат күтіп отырмай, өз бетінше шешім қабылдайды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры "бұл атқа мінерлердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі" дейді.

Еркін ТҰҚЫМОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫ:

Асқан жауапкершілікпен халықтың атынан сайланғаннан кейін аудан әкімдері өзі қабылдаған әр шешімге өзі жауап беретін болады. Өйткені одан халық "осы өңірді көркейту үшін сен не істейсің?" деп сұрайды. Әкімге сайлау алды уәделерін орындау үшін, әрине, қаржы керек. Бұл осы тұрғыда өте маңызды.

Жанар ТҮЛІНДИЕВА, САЯСАТТАНУШЫ:

Бюджетті басқару құқығы дегеніміз жеке қаржы емес екендігін әкімдер түсіну керек. Бұл оңды-солды қаржыны шаша беру құқығы емес, халық салығын тиімді қолдану жүйесіне айналуы қажет.

Салықтың түсімі көп болса, тиісінше бюджет те қомақты болады. Жергілікті жердің мәселесін шешу үшін әкімдер білек сыбана іске кірісулері қажет. Сонда ғана нәтиже болады.