Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астанада әдеттегіден қалың қар түсті

AstanaTV
14.11.2016ж. 20:00
2959
Астанада әдеттегіден қалың қар түсті

Астана қар астында қалды. Мамандар 15 күнде бір айлық мөлшердегі қар жауды деп отыр. Түнімен жауған қар қала халқын әбігерге салды. Қардан тазартылмаған көше әсіресе көлік жүргізушілерін састырды. Кептеліс пайда болып, жұрт діттеген жеріне кешікті. Тілші тарқатады.

Барар жеріне кешіккендер қатарында шенуніктер де бар. Бүгінгі Үкімет отырысы бір сағатқа кеш басталды. Жиынды ашқан Үкімет басшысы алдымен Астана әкіміне ескерту жасады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жұмысымызды бастамас бұрын Әсет Орынтайұлына бір ғана сұрақ. Бүгін таңертең жұрттың бәрі түнімен жауған қарға байланысты жұмысқа кешігіп келіп жатыр. Біздің де мына отырысымыз кешігіп өтіп жатыр. Ситуация қандай болып жатыр, Әсет Орынтаевич?

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Шын мәнінде, бізде ауа райы тез өзгереді. Біз дайындалдық. Алайда, қар толассыз жауып, кептелістер пайда болды. Мұнда ауа райы жағдайына байланысты, барлығы да реттеледі. Түні бойы барлық машина жұмыс істеді, қала көшелерін толықтай тазалау жұмыстары жүргізілді.

Әсет Орынтайұлы, бұл-сіздің әкім ретінде қарсы алып отырған алғашқы қыс. Бұл жағдайдан абыройлы шығуыңызға тілектеспіз.

Әкімнің қыстан абыройлы шығуын қала тұрғындары да тіледі. Қалың қар көлік жүргізушілерін ғана емес, жаяу жүргіншілерді де әбігерге салды.

Қардың толассыз жауғаны еш кедергі емес. Көшені дұрыс тазартпауы қиындық тудырады. Мысалы, таңертең аяқ алып жүруге мүмкін болмады. Жолдың бәрін қар басып қалған.

Өткен жылы жақсы жұмыс істейтін еді. Барлық жер таза болатын. Қазір керісінше.

Көріп тұрғаныңыздай, көшелер дұрыс тазартылмаған. Көліктер батып қалуда. Кептеліс те ауқымды.

Бүгін қар тазалауға 400 техника мен 400 жұмысшы іске кіріскен. Мамандардың айтуынша, соңғы 15 күнде 1 айлық мөлшердегі қар жауған.

Жомарт Айтқазы, Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:

Астана қаласында қар тазалау жұмыстары 13-ші қазаннан басталған. Бүгінгі таңда тәулік бойы күшейтілген режимде коммуналдық қызметтер жұмыс жасап жатыр. Соңғы қар тазалау жұмыстары басталғалы бері  50 мыңға жуық куб қар шығарылды.

Жылда 28 миллиметр қар жауса, бүгінде 31 миллиметрге жеткен. Мамандар бұл нормадан жоғары дейді. Қолайсыз ауа-райының кесірінен бүгін қалада 40-қа жуық көлік соқтығысқан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ал синпотиктер алдағы күндері қыс қаһарына мінетінін ескертеді.  

Базаргүл ОТЫНШИЕВА