Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Алматыда жылу беру маусымы ертерек басталуы мүмкін

AstanaTV
28.09.2023ж. 16:06
919
Алматыда жылу беру маусымы ертерек басталуы мүмкін

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қалада жылу беру маусымы әдеттегіден сәл ерте басталуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

28 қыркүйекте өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте журналистер Әсел Қалықоваға 2022 жылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері Алматыда суық тию жағдайларының көбеюін жылуды кеш қосумен байланыстырғанын еске салды.

"Жылу беру маусымының уақтылы басталуы үшін қала басшылығына қандай да бір тілектер жолдадыңыздар ма?" – деп сұрады олар Әсел Қалықовадан.

Ол санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан осындай ұсыныстар берілгенін атап өтті.

"Ауа райы жағдайын ескерсек, суық түскелі көп те болған жоқ, ал қазір күн жылынғанын байқап отырмыз, бірақ олар біздің ұсынысымызға құлақ асып, жылуды сәл ертерек береді деп ойлаймын", – деп жауап берді Әсел Қалықова.

"Алматы жылу желілері" ЖШС Алматы қаласын жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес, уәкілетті органның қаулысымен сыртқы ауаның тұрақты орташа тәуліктік температурасы бес күнде +8°С және одан төмен болған кезде объектілерді кезең-кезеңімен жылуға қосу басталатынын мәлімдеген еді.