Оралда
дәмханада тамақтанып уланғандардың саны 29-ға жетіп, 24 адамнан сальмонеллез
табылды. Бұл туралы облыстық жұқпалы
аурулар ауруханасының директоры Нәдия Ахметова мәлімдеді. Дәрігерлер, адамдардың
жаппай улануы дәмханадағы ас дайындау технологиясы бұзылып, гигиеналық талаптардың
сақталмағандығынан болған, деп отыр. Науқастардың ішінде кішкентай балалар да
бар. Олардың да жағдайы түзеліп келе жатыр, дейді дәрігерлер.
Нәдия
Ахметова, БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:
24
адамға бактериологиялық зерттеу жүргізіп, сальмонеллез анықталды. Олар әрі
қарай ем қабылдайды, әлі жатады. Өйткені ем қабылдау шарасы әлі біткен жоқ. Екі
күннен кейін науқастардың жағдайларына қарап, ауруханадан шығарамыз.
Осыған
дейін хабарлағанымыздай, ауруханаға түскендер Оралдағы дәмханалардың бірінен
тамақтанған. Қазір кафенің иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу
амалдары жүргізіліп жатыр. Ал тексерген кезде дәмхананың еш жерде тіркелмегені,
тіпті қоғамдық тамақтану орнына лайықтап салынбағаны да анықталды. Егер кафе
қожайынының кінәсі дәлелденсе, оған 600 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынуы
мүмкін. Ал тамақтан уланған азаматтар дәмхана қожайынын сотқа бермекші.