Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қарағанды облысының Шет ауданында Сібір жарасына шалдыққан ауру малға жаппай екпе жасалды деп құжаттар жалған рәсімделген

AstanaTV
14.11.2016ж. 20:00
3701
Қарағанды облысының Шет ауданында Сібір жарасына шалдыққан ауру малға жаппай екпе жасалды деп құжаттар жалған рәсімделген

Қарағанды облысының Шет ауданында Сібір жарасына шалдыққан ауру малға екпе жасалды деп жалған құжаттар рәсімделген. Бұл туралы Үкімет отырысынан соң Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді. Бұдан былай мал екпесіне тексеріс қатаңдатылмақ. Ал ветеринариялық ережелерді бұзып, қауіпті індеттің таралауына жол бергендер үш жылғы дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Өткен жазда Сібір жарасына қарсы қолданылған вакциналар сапасыз болып шыққанын министрлік жаңа хабарлап жатыр. Ғылыми тілмен айтқанда, екпенің иммунитетке қарсы қуаттылығы төмен болған. Отандық зертханаларды қойып, ведомство Украина мен Эфиопия зертханаларында тексерткен вакциналарды. Нәтижесінде қазан айында материалдар тергеу органдарына жіберілген. Қазір тергеу жүріп жатыр. Қарағанды өңірінде Сібір жарасы маусым айының ортасында бұрқ етіп, төтенше жағдай жарияланған еді. Екі ошақ анықталып, екі адам қаза тапты.

Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Қарағанды облысының Шет ауданындағы Сібір жарасының шығуында сол ауылдағы малдың Сібір жарасына егілмеген фактілері анықталған. Жалған құжат жасалып, егілді деген ақпарат болған. Оны тиісті органдар тексеріп жатыр қізіргі кезде. Өндіруші - Қазақстан. Сібір жарасына арналған вакцина жылына 7 млн ірі қараға, 18 млн қойға сатып алынады.

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов енді вакциналар сапасын сынау үшін сертификатталған халықаралық зертханалар тартылатынын айтты. Ветеринарлық препараттар шығаратын мекемелердің лицензиясын қайтарып алу мәселесі заңмен реттелмеген. Лицензиялар мерзімсіз уақытқа беріледі. Яғни жарамдылық мерзімі шектеусіз. Министрлік тек жылына бір рет тексере алады. Енді лицензияны қайтарып алу бойынша заңға өзгерістер енгізілмек. Вице-министр вакциналардың сапасыз болып шығуының өзіндік себептерін де атады.

Қайрат Айтуғанов, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Сапасыз вакциналарды өндірудің себебінің бірі - препараттардың қысылшаң уақытта жеткізілуі. Вакцина өндіруші препаратты келісім жасалған күннен бастап 15 күн ішінде жеткізуге міндеттеме алады. Алайда бұл уақыт вакцина өндірудің толық технологиялық циклын сақтауға мүмкіндік бермеді. Енді тиісті конкурстар 15 желтоқсаннан кешіктірілмей басталатын болады. Бұрын олар сәуірден басталатын.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Көбінде осы вакцинаға байланысты проблеманың бәрі шығып отырғаны. Енді мұны халықаралық стандарттарға сай келтіру керек. Асқар Исабекұлы, оларды саусақпен шошайтып қорқытып келесі жолы құртамыз, өйтеміз, бүйтеміз дегенше, қажетті құжаттың бәрі болып, заңды түрде жұмыс жүргізу керек. Тиімсіз вакцина болатын болса, оны кім алды, тәртіпке шақыру керек.

Қазақстанда 9 өңір аусылдан ада, ал қалған 5 облыста мұндай статус жоқ. Олар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары. Үкімет басшысы бұл ретте әкімдіктер тарапынан кемшіліктер барын айтты.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жергілікті өңірлердегі әкімшіліктер тарапынан болып жатқан кемшіліктер бағытында ол жерде әкімшілік жауапкершілікті арттыру бойынша қарау керек, оны жою керек. Жауапкершілік деңгейін, қай жағында кім жауап береді, оны анықтап, қажетті келесі жылға іс-жоспар бекітіп, сол бойынша соңынан әркімнен өзінің тарапынан сұрап отыратын боламыз. 

Үстіміздегі жылы сібір жарасымен ауырған мал көмілген қосымша 255 қорым анықталған. Жалпы тіркелген 2607 сібір жарасы көмінділерінен 2145 ғана табылған. Олардың 125-нде ешқандай белгі қойылмаған. 271-і қоршалмаған. Ал 435 қорым жер кадастріне тіркелмеген де. Қалған 462 көмінді іздестіріліп жатқан көрінеді.

Өңірлерде ветбекеттердің санитарлық талаптары көңіл көншітпейтінін айтты вице-министр. Мәселен, Атыраудағы веторталықтардың жартысында дәрі сақтайтын тоңазытқыш болмаса, Қостанай өңірінде кейбір ветпрепараттар мал дәрігерінің үйінде сақталып келген.

Айгүл ӘДЕПБАЙ