Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Әйел жойылып кетті деп саналатын ерекше балықты кездейсоқ тауып алған

AstanaTV
01.10.2023ж. 14:27
936
Әйел жойылып кетті деп саналатын ерекше балықты кездейсоқ тауып алған

Аустралия тұрғыны жағажайда 20 жыл бұрын жойылып кетті деп саналған сирек тұқымды балықты тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Star сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аустралиялық Керри Яр Тасмания штатындағы Примроз Сэндс жағажайында қанаттың орнына қолы бар балыққа ұқсайтын тіршілік иесін кездейсоқ байқап қалған.

"Мен жүгіру барысында әрдайым тіршілік иелеріне қызығушылық танытамын. Мұны да бұрын көріп жүрген кішкентай балық немесе құрбақа балық деп ойладым. Бірақ мұқият қарасам, құмның астында қол тәрізді кішкентай қанаттарын жасырып жатқанын көрдім", – деді әйел.

Яр балықты суретке түсірген, соның арқасында бұл “brachionichthys hirsutus” брахионихтийлер тұқымдасының сәулелі балығы екені анықталды. Олар тек Тасмания жағалауында өмір сүреді және олардың вентральды қанаттары созылып тұрады. Соның көмегімен жердің түбінен тамағын тауып жейді.

Бұл балықтар соңғы рет Примроз құмдарының жағасында шамамен 20 жыл бұрын байқалған.

"Біз бұл балықтардың жергілікті популяциясы 2005 жылға дейін жоғалып кетті деп ойладық", — деді биолог Карли Дивайн.

Бірнеше жыл бұрын биологтар бұл балықтарды таппақ болып іздеген, бірақ бәрі нәтижесіз болған.

Қазіргі уақытта ихтиологтар сирек кездесетін балықтар үшін жасанды уылдырық шашатын жерлерді құру арқылы популяцияны көбейтуге ниетті.