Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген үйдің құрылысы сағызша созылып кеткен

02.10.2023ж. 20:00
455
Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген үйдің құрылысы сағызша созылып кеткен

Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген үй тұрғындарының мердігерге өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, жауапты кәсіпорын құрылысты сағызша созып отыр. Жұрт баспананың сапасына да күмәнді екенін айтады. Себебі, жаңбыр жауған кезде шикіліктер шыға бастаған. Аймақтағы тілшіміз тұрғындардың мұңын тыңдап қайтты.

Петропавлдың әскери академиясында қызмет ететін Ардақ Айтжанов 5 жыл кезекте тұрып, банкте ақша жинап келген. Ал биыл арнайы байқаудан өтіп, зәулім үйден 3 бөлмелі пәтер алмақшы. Алайда, үйдің тапсырылуын күтіп шаршадық дейді.

Ардақ АЙТЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сапасына қатысты негізі 17 қабатты үй ғой. Сол шатырынан су ақты деген әңгіме болды. Сосын сантехникасы әлі орнатылмаған дейді. Коммуникация жағынан мәселелер бар.

Жас өркен ауданындағы 17 қабатты үйдің тұрғындары бүгін қала басшылығымен кездесіп, мәселені жеткізді. Жұрттың айтуынша, құрылыс алаңында санаулы ғана жұмысшы жүр. Сондықтан биыл қоныс тойын тойлай алмайтындарына алаңдап отыр.

Бас мердігер келісім-шартқа сәйкес нысанды үстіміздегі жылдың тамыз айында тапсыруы тиіс болатын. Бар мәселе маман тапшылығында дейді. Компания өкілі құрылыстың 95 пайызын бітіргеніне сендіреді.

Зульфия ХАЛИТОВА, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір бұл үйде 20 адам жұмыс істеп жатыр. Кадр тапшылығы салдарынан құрылыс сәл созылып кетті. Біз ішкі және сыртқы жұмыстарды аяқтадық. 10 күн шамасында үйді тапсырамыз.

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 202 пәтерлі үйді салу үшін жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде әкімдік оның басым бөлігін мердігерге төлеп қойған. Енді жұмысты кешіктіргені үшін айыппұл салмақ.

Әділбек ӘУБӘКІРОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үйде су мен жылу бар. Жарықты бірер күнде қосамыз. Қазір үйдің құжаттарын дайындап жатырмыз. Бас мердігер үйді тапсырған соң, кешіктірген әрбір күнге нөл бүтін жүзден бір пайыз көлемінде, яғни 200 мың теңге шамасында айыппұл төлейді.

Қалада құрылысы тым созылып кеткен 16 көпқабатты үй бар. Оның жартысы жуырда қолданысқа берілген. Билік өкілдері қалған 8 нысанды жылдың аяғына дейін тапсыруға уәде беріп отыр.