Спорт Қазақстан
$461.05 €499.32 ₽5.03
×

"Ұлыбритания, Франциядан тапсырыс түсе бастады". Он баланың анасы қамысты табыс көзіне айналдырған

AstanaTV
03.10.2023ж. 22:14
651
"Ұлыбритания, Франциядан тапсырыс түсе бастады". Он баланың анасы қамысты табыс көзіне айналдырған

Қызылордалық көпбалалы ана Венера Тайлақбаева Еуропа нарығына қамыс шығарып, қомақты пайданың көзін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Венераның жасы 37-де, жолдасы Райысбек Аяпбергеновпен бірге он бала тәрбиелеп отыр. Екеуі теміржол саласында еңбек еткен. Бірақ тапқаны күнелткенге жетпей, басқа кіріс көзін іздепті. Бұл тың идея оған коронавирус пандемиясы кезінде келген. Осылайша, өзі тұратын Қазалы ауданында қаулап өскен қамысты кәдеге жарату жолдарын жан-жақты қарастырады.

"Бұл нарықты ұзақ әрі мұқият зерттедік. Әуелі Германия кәсіпкерлеріне қамыс сатып алуды ұсындық. Шет елде оны жоғары бағалайды. Тұрғын үй құрылысында қолданады. Көп ұзамай Нидерланд, Дания, Франция, Польшадан тапсырыстар түсе бастады. Ұлыбритания, Беларусьтен де сатып алушылар табылды. ТМД мемлекеттерімен де байланыс орнатқымыз келеді", - деді кәсіпкер.

Жұмысы алға жылжыған олар "АзияҚамыс" шаруашылығын құрып, қарамағына ауылдастарын жинаған. 10-15 шақты адам тұрақты еңбекке тартылса, уақытша жұмысқа 300-ге жуық адам жұмылады екен. Бір маусымда орта есеппен 60-70 жүк көлігі Еуропа асады.

Өнімді жинау, қабылдау сияқты шаруа Венера Тайлақбаеваның жұбайының мойнында. Ал шетелдіктермен келіссөз жүргізу, құжаттарды реттеу, қамыс сатуды Венера өз міндетіне алған. Кәсіпкер әйел осы кәсіп үшін ағылшын тілін де аз уақыт ішінде үйреніп алған. Қазір неміс, француз тілдерін меңгеріп жүр. Осылайша, бизнесінің географиясын кеңейткісі келеді.