$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркістан облысындағы барлық аудан, қала әкімдері жер кодексінің талаптарын бұзып, заңсыз қаулылар шығарған

AstanaTV
04.10.2023ж. 16:33
920
Түркістан облысындағы барлық аудан, қала әкімдері жер кодексінің талаптарын бұзып, заңсыз қаулылар шығарған

Түркістан облысындағы барлық аудан, қала әкімдері жер кодексінің талаптарын бұзып, заңсыз қаулылар шығарған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс аумағындағы суармалы жерлерді мемлекет мұқтажы үшін және арнайы жер қорына алып қою мәселелеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде аукцион өткізбей жер беру, өткізілген конкурстардың рәсімдерін сақтамау, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жер құқықтарын беруден бас тарту және тағы басқа да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің белгілері анықталды. Сондай-ақ, 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметтерді құраған сыртқы талдау жұмыстары барысында Жер кодексінің талаптарын облысқа қарасты барлық аудан, қала әкімдері бұзғаны белгілі болды. Олар жер пайдаланушылардан, яғни кәсіпкерлерден суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет мұқтажы үшін алып қою туралы заңсыз қаулылар шығарған.

«Мұндай қаулы шығару құзыреті Жер Кодексінің талаптарына сәйкес, облыс әкімінің ғана құзыреттілігіне жатады. Аудан, қала әкімдіктерінің негізсіз әрекеттерімен кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келген, онымен қоса бағалы суармалы жер алқаптарының көлемі азайған. Сыртқы талдау нәтижесінде, аудан, қала әкімдіктері тарапынан мемлекет мұқтажы үшін суармалы жер учаскелерін алып қоюдың заңсыз практикасы тоқтатылды» - деді Мұрат Төлеубаев.