Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астана ЭКСПО ғимаратында екі құрылыс арасындағы декоративті көпір құлап қалды

AstanaTV
16.11.2016ж. 20:00
2702
Астана ЭКСПО ғимаратында екі құрылыс арасындағы декоративті көпір құлап қалды

ЭКСПО құрылысы жүріп жатқан жерде екі құрылыс арасындағы декоративті көпір құлап қалды.  Төтенше жағдай бүгін түскі 13:30-да болған. Сонымен зардап шеккендер бар ма? Оқиға орнына барған әріптесім Дәуренбек Бақдәулет баяндайды.

Осындағы қарауыл қызметіне жауап беретіндердің қызметі бүгін ерекше қатаңдай түскен сыңайлы. Ұзындығы 90 метр болатын мына құрылыстың құлағаны туралы әңгіме осындағы құрылысшылар арасында желдей есіп тұр. Нысанның опырылып ортасына түскенін де осылар көріп, ұялы телефондарына түсіріп алған.

Былай полностью құлаған, масқара ғой. Әрі жағындағы мост дейді ғой, екі жағындағы, соның бергі жағы құлаған.

Дәуренбек  Бақдәулет, тілші:

Біз қазір ЭКСПО-ның құлаған ғимаратының дәл қасындамыз. Мұндағы қызметкерлердің сөзінше, зардап шеккендер жоқ. Дегенмен ғимараттың алпауыт болғаны сонша, астында біреудің қалуы мүмкін деген күдік те жоқ емес.

Ақпарат көп күттірген жоқ. Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы бір жұмысшының ауруханаға жеткенін хабарлады, деп ақпарат құралдары жарыса жазды. Алайда BI Group групп өкілдері де, ЭКСПО ұйымы да зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.

Зардап шеккендер туралы ақпарат жалған. Нысанның мердігері BI Group компаниясы құрылымды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды атқаратын болады.

Ал, мердігер компания төтенше жағдай неден болғанын білмей дал. Барлығы нормативке сай жүргізіліп келе жатқан, дейді. Енді ішкі тексеріс жүргізілмек.

Алмас Шүкенов, BI GROUP компаниясының ЭКСПО-2017 павильондарын салу бойынша жоба жетекшісінің орынбасары:

Декоративті көпір құлаған. Абырой болғанда, қасындағы басты ғимараттарға зияны тиген жоқ. Оқиғаның неден орын алғанын алдағы бір екі күнде, әрі кетсе, бір аптада анықтайтын боламыз. Шығын көлемі белгісіз.

Себебі анықталғаннан кейін құрылысы 2,5 ай уақыт алған декоративті құрылысты қайта бастамақ.