Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Бірінші басшылардың қызметін бағалау жүйесіне кадрлардың орын ауыстыру индикаторы енгізілуі мүмкін

AstanaTV
16.11.2016ж. 20:00
3527
Бірінші басшылардың қызметін бағалау жүйесіне кадрлардың орын ауыстыру индикаторы енгізілуі мүмкін

Бірінші басшылардың қызметін бағалау жүйесіне кадрлардың орын ауыстыру индикаторы енгізілуі мүмкін. Яғни бастық ауысса, соңынан үдере көшетін қызметкерлердің ұлы көшіне мемлекеттік қызмет істері агенттігі осындай тосқауыл қоймақ. Мәжілісте тиісті заң жобасына енген өзгерістерді таныстырған Қайрат Қожамжаров командалық көшу үрдісін тұсаулай алмай отырғанын мойындады. Ал депутаттар мемлекеттік қызмет корпустарын белгілі адамдар ғана алынатынын «жабық клубқа» теңеді.

Бірінші басшы кетсе, артынан шұбыратын нөкерлер көшіне, осы жолы тосқауыл қойылмақ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшы осылай деп отыр.

Қайрат Қожамжаров, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Басшы ауысқан кезде, кадрлардың кетуі әлі де байқалады. Әр түрлі себеп көрсетіледі. Біреулер өз еркімен кеткен болады жұмысынан, біреулері басқа қызметке ауысады. Алайда біз шынайы себептердің тереңде жатқанын түсінеміз. Заңға сай агенттік, атына өтініш түссе ғана, араласа алады. Биыл ондай өтініштер болмады. Сондықтан бірінші басшылардың қызметін бағалау келісіміне кадрлар ауысуы туралы индикатор енгізуді ойлап отырмыз. Сосын ондай басшыларды әкімшілік жауапқа тарта аламыз.

Депуттаттар «А» корпусының қызметін де сынап, резерв жасақтау жүйесіне өзгеріс ене ме деп сұрады. Светлана Бычкова бос орындарға маман таңдау үрдісінен ашықтық байқалмайды, тек таңдалған адамдар ғана өтеді деп салды.

Светлана Бычкова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

«А» корпусының резервіне адам таңдау механизмі өте қиын. Таңдалған адамдар екі жылдан соң одан автоматты түрде шығып қалады. Бос орын болса да, оған орналасу мүлдем қиын. Ол орындарға бір мемлекеттік органнан екіншісіне аусып жүретін белгілі бір тұлғалар ғана алынады. «Жабық клуб» сияқты дүние жасақталып жатыр.

Қайрат Қожамжаров мұндай олқылықтың барын да мойындады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесін зерттеп жатқандарын айтты. Ол жақта кадрлық резерв жасақтамай-ақ бірден қызметке орналасу жүйесі бар көрінеді. Мұндай ұсыныспен біз де шығамыз, деді агенттік басшысы.

Қайрат Қожамжаров Мәжіліс қабырғасында елді дүрліктірген соңғы атышулы істерге қатысты да түсініктеме берді. Ол 69 млн теңге ұрлады деген күдікпен басы бәліге қалған Тұңғышбай Жаманқұлов ақшаны қайтара бастағанын айтты.

Қайрат Қожамжаров,  ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Бүгінгі күні 6 миллионға жуығын қайтарды. Бірақ та ол кісі Қазақфильм алдындағы бүкіл борышын өтеймін деп отыр. Өзінің міндетіне алып отыр. Сейчас он под залогом.

Сонымен қатар агенттік төрағасы СentralAsiaMonitor және Radiotochka агенттігінің басшысы Бигелді Ғабдуллинге қатысты тергеу ашық болатынын жеткізді. Оған медиаресурстарын қолдану арқылы мемлекеттік орган өкілдерінен ақша бопсалады деген айып тағылған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ