Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Баланы мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар", - Президент

05.10.2023ж. 20:00
1081
"Баланы мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар", - Президент

Бүгін -ұстаздар күні! Мәртебелі мамандық иелерінің мерекесіне орай Елордада Республикалық педагогтер съезі өтті. Шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, педагогтарды төл мерекелерімен құттықтады. Бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

Мәртебесі биік, ұстанымы бір ұлағатты жандардың басқосуы бұл. Шәкірттері шартарапта елдің атын шығарып, сан салада біліктілігімен дараланған. Мерекеге мерейлері асып, көңілдері көтеріліп келді. Жиынға Мемлекет басшысы да келді. Білім саласының жағдайын сөз етті. Соңғы 4 жылда педагогтардың жалақысы екі есе артты. Ал балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға көтерілді. Бірақ біліктілікті арттыруда белсенділік бәсең. Педагогтардың 23 процентінде ғана жоғарғы біліктілік санаты бар. Осы мақсатта сала министрлігіне бірқатар міндеттер жүктеді. Жалпы мұғалімдердің 60 пайызға жуығы өңірлердегі жоғарғы оқу орнында даярланады. Президент сол үшін аймақтардағы жас мамандарды қолдау керектігін айтты. Апатты және үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет.

Мемлекет басшысы білім ордалары балалар үшін ең қауіпсіз орынға айналуы тиіс дейді. Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайтынын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс.

Мемлекет басшысы барлық ата-аналарға үндеу жасады. Оқушылар заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін алдын алу шараларын қолдану керектігін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен ауылдың білім сапасының теңсіздігін жоюды тапсырды. Ауыл мектептеріндегі кітапханаларды да дамытқан жөн. Оқушылар іздеген кітаптың бәрі табылуы керек. Сондай-ақ қалталы кәсіпкерлер мектеп құрылысына атсалысуы қажет. Президент Үкіметке ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуді жүктеді. Алты айдан кейін тапсырманың орындалуын тексеретінін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек.

Мемлекет басшысы қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге нүкте қойды. Еліміз зайырлы мемлекет. Бұл қағида әсіресе білім ордаларында қатаң сақталуы керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.

Жиын соңында Мемлекет басшысы бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын тапсырды. Білгенін балаларға үйретіп, ғұмырын осы салаға арнаған 7 мұғалім марапатқа ие болды.