Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«Жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында»,- мектеп мұғалімі

05.10.2023ж. 20:00
857
«Жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында»,- мектеп мұғалімі

«Жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында». Мектепте 52 жыл қызмет етіп келе жатқан ұстаз Шерихан Чачидзе осылай дейді. Бейнелеу пәнінің мұғалімі бұл салада ең бастысы - балаларға деген махаббат пен өз мамандығына деген сүйіспеншілік екенін айтады. Өмірін ұстаздық жолына арнаған жанмен әріптесіміз Мөлдір Жақан тілдесті.

Шерихан Чачидзе еңбек өтілін алғаш рет өзі тәмамдаған №7 мектепте бастаған. Содан бері 52 жыл осында қызмет етіп келеді. Әуелі зертханашы болды, кейін сабақ бере бастады. Орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі болған ол елу жасында екінші рет студент атанып, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі дипломын алады. «Оқуға ешқашан да кеш емес»,- дейді. Айтуынша, сурет салуға бала кезінен жаны құмар. Сөйтіп білімді, жан-жақты, креативті ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып келеді.

Шерихан ЧАЧИДЗЕ, БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Оқушылар сабақ аяқталғанда рақметін айтып, жылы лебіздерін жеткізіп жатады. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Өз жұмысымнан, өнерден ләззат аламын. Балаларды да қатты жақсы көремін. Бұл қызметте сүйіспеншіліксіз ұзаққа бармайсың. Менің сабағымда балаларға өздерін еркін ұстауға, барынша жайлы орта құруға тырысамын. Әр бала – жеке тұлға. Мұғалімдер психолог ретінде осыны түсінуі тиіс.

Шерихан Чачидзенің жарты ғасырда қол жеткізген жетістіктері мен марапаттарын айтып тауысу мүмкін емес. Ол сондай-ақ бірнеше кітап, оқулық, энциклопедиялардың авторы. Оқу бағдарламаларының және элективті курстардың сараптамалық комиссиясының мүшесі болып табылады. Бұл -үлкен жауапкершілік дейді ол.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Осы уақытқа дейін ұлағатты ұстаздан білім алып, тәлім-тәрбие көрген шәкірттер жетерлік. Оқытушы олардың әрқайсысының өнерін жоғары бағалап, жетістіктеріне қуанып отырады. Сондықтан да мектепте арнайы осындай бұрыш дайындап қойған екен. Мұнда оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар ұсынылып, салған суреттері ілулі тұр.

 «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Шерихан Чачидзенің жетекшілігімен оқушылары қала, облыс, республика, тіпті, халықаралық байқауларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Солардың бірі Рада Хрипченко күні кеше ғана қалалық сайысқа суреттерін ұсынып, жүлделі орынға ие болыпты.

Рада ХРИПЧЕНКО, ОҚУШЫ:

Мұғалімдер күніне арнап сурет салған едім. 700 жұмыстың арасынан менің еңбегім жоғары бағаға ие болды. Шерихан Киримовна сабақ барысында сурет салуға деген қызығушылығымды арттыра түсті. Ол кісімен бірден тіл табысып кеттік. Енді болашағымды да осы өнермен байланыстырғым келеді.

Ұстаз жолы – қиын жол. Дегенмен мұғалімдер қазір олар үшін бар жағдай жасалып жатқанын айтады. Мәселен, соңғы 4 жылда педагогтардың айлығы 100%-ке көбейген.

Жанар ОРАЗАЛИЕВА, №7 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Шерихан Керимовна жайлы айтатын болсақ, бір күніміз жетпейтін шығар енді. Ол кісі өте сыйлы мектепте де, өз әріптестерінің ортасында да. Бүкіл мұғалімдерге барлық жағдай жасалып жатыр. Биылдыққа өте көп кабинет алынды мектебімізге. Мектебімізге екі автобус берілді.

“Жетістіктің сыры - мамандығына деген сүйіспеншілікте” дейді Шерихан Чачидзе. Ұстаз болу әр адамның қолынан келе бермейді. Ол-миссия. Ол- жауапкершілік.