Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жаңа үй жылу маусымына дайын болмай шықты

06.10.2023ж. 20:00
883
Осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жаңа үй жылу маусымына дайын болмай шықты

Осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жаңа үй жылу маусымына дайын болмай шықты. Кеше кешке жылу беріле бастағанда жүйеден ақау шығып, тұрғындар әбігерге түсті. Алтыншы қабаттан атқылаған су бірнеше пәтерді бүлдірген. Оқиға орнына барған тілшіміз тарқатып айтып берсін.

Күлтегін көшесіндегі үйдің тұрғындары жылу күтіп отырғанда су астында қала жаздады. Жылу жүйесінен атқылаған су, пәтер ішіне дейін кірген.

Айсұлу РЫСМАҒАНБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Су менің пәтеріме кіріп кетті. Қабырғалардағы жапсырмалардың бәрі ылғал болды. Мына жердің бәрі су болды. Тіпті жатын бөлмеге дейін су жетті. Қайта үйде болғанымыз жақсы болды. Егер үйде болмағанда не боларын кім білсін, ол кезде пәтердің барлығын су басар еді.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, ТІЛШІ:

6 қабаттағы мына әр пәтерге жылу жеткізетін құбырдың бір бұрандасы жұлынып кетіп, салдарынан осы жерден су атқылаған. Атқылаған су бесінші қабатқа түскен, одан төртінші қабат, осылайша бірінші қабаттағы шыға берістің төбесіне жиналған. Төбе суды көтере алмай сәлден соң жерге опырылып түскен.

Абырой болғанда сол уақытта дәлізде ешкім болмапты. Тұрғындардың бірі бұл жағдайға меншік иелері бірлестігін кінәласа, енді бірі үйді салған құрылыс мекемесі жұмысын сапасыз істеген деп ашынады.

Гүлсінай ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Комфорт класс дегеннен кейін алғанбыз. Застройшиктар как попала здали. Мына астындағы подвал дегенің нелерінің бәрі салбырап тұр. Крандарының барлығы ржавый.

Эльмира МУСАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге жаңа басқарушы келген соң тамыз айында ескерттім. «Сіздің шаруаңыз емес, сіз ештеңе түсінбейсіз» деді. Жақсы. Бір айдан соң тағы сұрадым: «Марат, дайынсыз ба?» Тағы да солай жауап берді.

Меншік иелері бірлестігінің басқарушысы өзін ғана кінәлі санамайды. Құрылыс компаниясы да жауапкершілікті бөлісу керек дейді.

Марат ӨСЕРБЕКОВ, МЕНШІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Әлі қала қысым берген жоқ. Мына қазір 3,5-4 бардың шамасында ғана қысым. Температура 50-ақ градус қазір беріп жатқаны. Ертең аяз болса күн олар 120 градусқа дейін көтереді, 8-9 барға дейін көтереді ма, онда не болады екен?

Ал, «Аңсар» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген «Основа» компаниясы кепілдік мерзімі бітпегендіктен міндетімізді мінсіз атқарып отырмыз дейді. Жылу, су мен өзге де ішкі жұмыстар меншік иесі бірлестігінің шаруасы екенін айтып, ол үшін жауап бермейтінін жеткізді.