Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

25 қазан - Тәуелсіздіктің бастауы

09.10.2023ж. 20:00
789
25 қазан - Тәуелсіздіктің бастауы

Еліміздің Тәуелсіздік табалдырығында тұрған жан тебірентерлік сәттер: егемендік туралы декларацияның қабылдануы, тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамдарды ел журналистері шартарапқа таратты. Әсіресе, аймақтағы тілшілер қауымы ауылдағы тірлік пен көңіл-күйді айна-қатесіз көрсетіп отырды. Атыраудағы телерадио саласы ардагерлері тоқсаныншы жылдардағы тың өзгерістердің басы-қасында болған кездерді еске алады.

Қазақ радиосының ардагері Кәрім Бақриденов үшін мына суретке түскен күн ерекше есте. Бүгінде алып кәсіпорын «Теңізшевроилдың» құрылысы басталған кез. Ел экономикасының көшін алға тартқан ғасыр жобасының бастауын, «Теңіз» кенішінің игерілуін Қазақ радиосы арқылы таратқан журналист егемен ел атанған сәтте халықтың көңіл-күйі ерекше болды, - дейді.

Кәрім БАҚРИДЕНОВ, ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

«Келістік. Америкаменен «Теңізшевроил» компаниясымен келісімге отырдық» деп жариялады. Бәріміз қуанып, алғашқы инвесторлардың бірі. Сол жөніндегі келіссөз өткеннен кейін президентімізден сұхбат алдым. Біз қазақ радиосынан тараттық жедел түрде. Сондай жаңалықтар болды жалпы ол кезде кіммен сөйлессең де халық, ел қуанышты сондай көңіл-күй жоғары.

Тележурналист Бағытжан Жұматов тарихи сәттерді сериялық хабарлар арқылы таспаладық дейді. Тарихшылардан сұхбат алып, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің маңызын ұлықтаған. Сол кездегі елдің жағдайын ашық көрсету үшін, алыс ауылдарға сапарлап, сараптама бейнематериалдарды ұсынған. Тіпті облыс басшылығы студияға тікелей шығып, көпшілік сұрағына жауап беріпті.

Бағытжан ЖҰМАТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «МЕРЕЙЛІ МЕКЕН» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Біз күнбе күн жаңалықтарда тек қысқаша ғана баяндап қоймай, кейін «Дүйсенбіден дүйсенбіге дейін» хабарын дайындап, сол өткен оқиғаларды саралап, сараптап, кеңейтіп беруді қолға алдық. Тағы бір еске түсіп отырғаны 1991 жылы 29 тамызы күні Мемлекет басшысымынң Жарлығымен семей полигоны жабылды. Сонымен қатар біздегі Азғыр, Тайсойған әскери полигондары жабылды. Соған байланысты сол елде тұратын сол жерде тұратын халықтың тыныс-тіршілігі, әлеуметтік мәселелері қалай шешіледі болашақта деген мәселелермен әріптестерім елдегі біздің әскери полигондағы тірлікті хабардармен сериялық хабарлармен берді.

Тәуелсіздік алған жылдары халық пікіріне құлақ түру үшін көшеге ашық микрофон қойып, «Айтпаса сөздің атасы» өледі деген бағдарлама дайындалған. Кейін ауылдардың тамырына қан жүгіріп, су, жол, газ желілерінің тартылуы да журналистердің назарынан тыс қалған жоқ.