Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Биыл 60 мың адам «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауатын арттырады

09.10.2023ж. 20:00
791
Биыл 60 мың адам «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауатын арттырады

Елімізде 1,5 миллион адамның мерзімі өтіп кеткен несиесі бар. Берешегін өтей алмай қиналып жүргендерге «Қарызсыз қоғам» жобасы көмектесуде. «AMANAT» партиясының бастамасымен 50 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылығын арттырды. Енді оны алпыс мыңға жеткізу межесі тұр.

«Қарызсыз қоғам». Аты айтып тұрғандай тұрғындарды тығырықтан шығаруға көмектеседі. Тек қаржыны басқаруды, ақшаны үнемдеуді ғана үйретпейді. Қордаланған қарызды заң аясында өтеудің жолын қарастырып береді. Көмегі көпке тиіп жатыр. Нәтижесін бере бастады.

Гүзел НАЖИЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

800 мыңдай ақша алып едім, оны уақытысында құя алмай, заңгерлермен сөйлесіп, ақшамды төмендетіп қазіргі таңда ай сайын құйып жатырмын. Болашақта енді, депозитті ашқан, салып жатқан қаржымды болашаққа автокөлік алсам деген үміттемін. Және осындай семинарлар ауылда көп болса екен деймін, жастарға үлгі болса екен деймін.

«Енді мәселенің салдарымен ғана емес, себептерімен де күресуді қолға аламыз», - дейді АМАНАТ партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев. Келесі жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықтың негіздерін үйретілмек.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Осы қаржылық сауатсыздықтың халықтың көптеген мойындарына кредит алуға себеп болып отырғанын біліп отырмыз. Мысалы біздің класстарға келіп білім алған адамдардың 90% жуығы кредиттің проценттік мөлшерлемесінің қанша төлеп отырғанын енді біліп отыр. Өзінің мысалы табысы төмен болғанымен мойнында 26 кредиті бар адамдар болды.

Жоба аясында мамандар отбасылық бюджетті қалыптастыруға кеңес береді. Заңгерлік көмек көрсетеді. Кәсіп ашуға жәрдемдеседі.

Гүлмира АХМЕТОВА, HALYK BANK АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

«AMANAT» партиясымен бірлескен жобада біз әр аудандағы әрбір шалғай ауылға барып сабақ өткіздік. Бүгін жиналғандардың арасында түрлі қиын жағдайға тап болған адамдарды тыңдадық. Көбісі әрине әйел кісілер, қазіргі таңда жағдайын жақсартып ғана қоймай, келесі буынды үйретуге дайын. Бұл біздің ойымызша, үлкен жетістік.

Мемлекет басшысы Жолдауда жобаның тиімді екенін тілге тиек етті. Ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Осыған орай келесі жылы 200 мың адамды қамту жоспарлануда.