$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Максим Галкин отбасымен Израильде қалатын болды

AstanaTV
10.10.2023ж. 08:29
668
Максим Галкин отбасымен Израильде қалатын болды

Танымал ресейлік әзіл-сықақшы Максим Галкин отбасымен бірге Израильде қалатынын, тіпті басқа елге кету мүмкіндігін қарастырмағанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

«Израиль үшін қиын болып жатқан күндері біз осындамыз және басқа жаққа кету мүмкіндігі болса да, қарастырған емеспіз. Әуежай ашық. Әуе компаниялары қорқып, қауіптенгенімен ұшып жатыр, сол себепті кетіп қалуға болар еді. Бірақ біз ешқайда бармаймыз. Біз жұбайым Алла және балаларымызбен бірге осындай қиын кезеңде Израиль халқына қолдау көрсеткіміз келеді. Бұл – үлкен қайғы. Біз осындай айрандай ұйып отырған ұлтқа қатысымыз бар екенін мақтан тұтамыз», - деп атап өтті Максим Галкин.

Сондай-ақ сықақшы паспорт қажет болғаны үшін Израильде тұрып жатпағанын айтты.

«Менен неге майданда жүрмегенімді сұрап жатқандар бар. Егер мен Израиль әскерінде қызмет етсем және Израильді қорғайтындай бір негіз болса, барар едім. Бірақ мен басқалай көмектесе аламын: қан тапсырамын. Орыс тілінде сөйлейтін израильдіктерге осындай қиын-қыстау кезде Алла екеуіміздің осында екеніміз маңызды деп ойлаймыз. Біз мұнда паспорт қажет болғаннан тұрып жатқан жоқпыз. Осында келдік және мен балалардың бірден иврит тілінде оқытатын мектепке баруын қамтамасыз еттім. Бізде оларды америкалық дипломатиялық мектепке беретін мүмкіндік болды. Бірақ мен балаларымның израильдіктер сияқты иврит тілінде сөйлегенін қаладым. Мен де тіл үйреніп жатырмын», - деп толықтырды Максим Галкин.

Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырғанын еске сала кетейік.

Дүйсенбі күні таңертең Израиль әскерінің ресми өкілі барлық елді мекен бақылауға алынғанын және Израиль аумағында әскери іс-қимыл жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен Израиль аумағында әлі де ХАМАС әскері болуы мүмкін екені айтылады.