$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысында жыл басынан бері 707 бала шала туылды

AstanaTV
17.11.2016ж. 20:00
4130
Қызылорда облысында жыл басынан бері 707 бала шала туылды

Бүгін шала туған нәрестелер күні. Жыл сайын әлемде 15 миллион бала шала туылады. Ал елде жыл сайын 21 мың бала мерзімінен бұрын туылады. Қазақстан 8 жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының критерийлерін енгізіп, 500 грамм салмақпен туған балаларды адам қатарына тіркеп, олардың өмір сүруі үшін күресе бастады. Қызылордада биыл шала туылған балалар саны 72 балаға артып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, жарты келі салмақты балалардың 30 пайызы өмірге бейімделіп кетеді.

Мына бармақтай нәресте - 25 жастағы Азизаның көптен күткен қызы. Үш баланың анасы жүктілік кезінде барынша сақ болғанын айтады.  Дегенмен, уақытынан бұрын босанып, дәрігерлердің шеберлігіне көз жеткіздім деп отыр.

Азиза Сүйінбаева:

25 аптасында 750 грамм болып жолдасы ажырап кетіп, босандым. Құдайға шүкір, қазір бір айдың ішінде салмағы бір келі 200-ге жеттік. Жағдайы бір қалыпты. Астында киіз сияқты денесін жыбырлатып тұратын түйе жүнінен арнайы көрпеше салып қойған. Балалардың қатты ұйықтап кетпеуі үшін. Өйткені бұлар іште жатқандай әлі ұйықтап кетеді екен. 

Жалпы қазір перинаталдық орталықта 500 граммнан жоғары салмақта шала туылған 61 нәресте бар. Мұндай категориядағы балалар сегіз жыл  бұрын түсік болып саналған. Қазір дәрігерлер әр кішкентай бөбектің өмірі үшін күреседі. Жыл басынан бері орталықта 707 бөбек шала туылған.

Гүлнар Жұмашева, Қызылорда облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

Қазіргі таңда отыз пайызы тірі қалады. Бұрын-соңды болмаған нәрестелер реанимациялары ашылды, жұмыс жасайтын неонатологтар дайындалды. Реанимацияға қажет деген барлық аппараттар бар, бір реттік қолданатын бұйымдар бар және дәрі-дәрмектер бар өте пайдалы. Шала туылған баланың өкпесі ашылмаған күйде туады. Сондықтан туылған кезінде бірінші минутынан бастап дәрігерлер өкпесіне жаңағы препаратты жібереді.

Салмағы екі жарым келіден асқанша нәресте анасымен орталықта ем алып, жетіледі. Олардың денсаулығын орталықтағы 35 неонатолог қадағалайды.

Евгений Мирзоев, медициналық ақпарат, кеңес беру және мамандарды оқыту халықаралық орталығының тренері /Ресей/:

Бұл дүниежүзілік статистика. Барлық туылған сәбилердің бір пайызы - шала туылғандар. Бұл жерде бірнеше фактор себеп. Атап айтқанда, ол аналардың денсаулығы, сәби ата-анасының тұрмыстық, өмір сүріп жатқан жағдайлары, көпұрықтық жүктілік, жүкті болған әйелдің жасы. Тым жас болса да, жасы келген әйел болса да, қауіп арта түседі.

Орталық мамандарының дерегінше, аз салмақпен туылған балалардың басым бөлігі ерекше болады. Оған дәлел де жоқ емес. Аты тарихта қалған Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн, Наполеон Бонапарт та мерзімінен бұрын дүниеге келген екен.

Шарипа САҚТАПОВА