$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Шағын кәсіпорындар үкімет ұсынып отырған қолдаудан қағылуда

AstanaTV
17.11.2016ж. 20:00
2289
Шағын кәсіпорындар үкімет ұсынып отырған қолдаудан қағылуда

Экспортқа өнім шығаруға мүмкіншілігі бар кәсіпорындарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету қажет. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы экономикалық кеңесте осы мәселе қаралды.

Алдымен, мәжілісте орналасқан шағын көрмеде «Қазақстанда жасалған» үздік өнімдер мен тауарлар көрмесі болып өтті. Ет, сүт өнімдерімен қатар көкөніс өнімдері. Тіпті киім-кешек те бар. Бүгінде осы салаға үкімет айтарлықтай қаржы құйып, жеңілдіктер қарастырып келе жатқаны рас. Алайда, шағын кәсіпорындар тиісті сұранысты толық қамти алмайтын жағдайлар болып тұрады. Мысалы, шағын кәсіпорын үкімет ұсынған қаржыны игеруі үшін оған білдей заңгер, қаржыгерден тұратын штат жасақтау қажет. Алайда, шағын кәсіпкерліктің бұған мүмкіндігі жоқ. Салдарынан қаржылай көмектен қағылып отырғандар көп.

Петр Шарапаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл жүйеге қол жеткізудің айтарлықтай қиындықтары бар. Мен бірнеше кәсіпкермен жеке сөйлестім. Шағын кәсіпорында заңгер, экономист, қаржыгер қайдан болсын? Ол аз десеңіз, талап бойынша тағы басқа да қаншама штатты қызметкерлерді талап етеміз. Ал шағын кәсіпкерліктің бұған мүмкіндігі жоқ.

Осыған қарамастан, бүгінде Қазақстан тауарларына деген сұраныс жоғары. Елімізде жасалған тауардың ерекшелігі -  сапасы мен табиғи тазалығында. Оның сыртында Қазақстанда жасалған техниканың да бүгінде әл-ауқаты артқан. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар тыңдалып, оларды мұнан әрмен қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарылмақ.

Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Үдемелі индустриялды инновациялық бағдарлама шеңберінде 2009 жылдары бізде машина жасау саласында өндіріс бар жоғы 200 млрд үстінде болатын. Ал, 2014 жыл көрсеткіші бойынша, бірнеше жылда 954 млрд-қа жетіп отыр.