Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Павлодарда мектеп асханасындағы тамақтан құрт шықты

11.10.2023ж. 20:00
817
Павлодарда мектеп асханасындағы тамақтан құрт шықты

Мектеп асханасы төңірегінде тағы бір дау. Павлодардағы жалпы орта білім беретін мектепте тамақтан құрт шықты. Оқушы ботқа мен котлеттің арасынан жәндік тауып алған. Бұл жалғыз оқиға емес. Соңғы кездері осыған ұқсас хабарламаларды жиі еститін болдық. Депутаттар білім ошақтарындағы тамақ мәселесі – күрделі тақырып дейді. Жалпы астың сапасына кім жауапты? Толығырақ Аружан Задабек баяндасын.

Оқиға Павлодардағы №42 мектепте болды. Тамағынан құрт тапқан оқушы оны суретке түсіріп, анасына жіберген. Перзентінің өміріне алаңдаған келіншек оны бірден әлеуметтік желіге жариялапты. Осыдан кейін мектеп басшылығы мен ата-аналар қауымының өкілдері жедел тексеру жүргізді.

Екатерина ЛАВРЮНОК, АТА-АНА:

Бұл жағдайды естіп, есеңгіреп қалдық. Бұл асханаға балалар бұрында бірнеше рет шағымданған болатын. Айтуларынша, тамақтары дәмсіз, салқын, су татиды. Былтыр тек балық котлетін ғана берді. Сондықтан, бұл асхананы жалға алушылардың кеткенін қалаймыз.

Гүлнәр ТАПАНОВА, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ №42 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Мен тамақтағы құртты өз көзіммен көрген жоқпын. Бірақ, менің орынбасарым құрттың тірі екенін көрген. Және оқушы баламен бір үстелде отырған сыныптастары да оны көріпті. Біздің ойымызша, асханада алма болған. Құрт содан пайда болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені, құрт алмалардағы құртқа ұқсайды.

Мұндай мәселелерді есептемегенде, елімізде 800-ден астам мектепте асхана жоқ. Онымен қоймай білім ошақтарындағы ыстық тамақтың бағасы да әртүрлі. 400 теңгеден басталып, 1500-ге дейін барады. Жекеменшік мекемелердің мәселесі бір бөлек. Бұған дейін депутаттар бұл орындарда да мемлекеттік тапсырыс бойынша тамақтануды ұсынған. Бірақ әлі күнге дейін Үкімет тарапынан жауап жоқ – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

1,5 млн бүлдіршініміз ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Оның өзектілігі болашақта да жоғары. Аталған тапсырманың орындалуына қатысты сайлаушылар тарапынан әлі күнге дейін сын көп. Қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізілетін тағамның сапасына кім жауапты, төтенше жағдай болса, кім қадағалайды? Осындай асханасы жоқ мектептерде жапсарлас асхана салу мәселесі алдағы уақытта жоспарланған ба, ол қалай шешіледі?

Бұл сауалға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді. Министр депутат келтірген статистикамен келіспейтінін жеткізді. Дәлірек, елдегі асханасы жоқ мектептердің саны 800 емес, 591, - дейді.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Асханалардың барлығының ыстық тамақпен қамту үшін буфеттік және кейтеринг бағытында тамақтар ұйымдастырылуда. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына енгізілген. Бірлесіп жұмыс атқарғанбыз. Дей тұрғанмен, бұл мектептерде асханалардың соғылуына байланысты барлық өңірлерге тиісті Жол картасын қабылдау тапсырмасы берілді. Ол бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Министрліктің жауабы бойынша, қазір мектеп асханаларындағы ең жоғары баға – 840 теңге. Бұл- Алматы қаласында. Одан кейін, Ақмола облысы, онда 750 теңгеден саудаланады. Ең төменгі баға Қарағандыда – 480 теңге.