Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жалдамалы пәтер ақысы арзандады, ал баспана бағасы қымбаттап жатыр

11.10.2023ж. 20:00
759
Жалдамалы пәтер ақысы арзандады, ал баспана бағасы қымбаттап жатыр

Елімізде баспана бағасы қымбаттап жатыр. Бірақ жалдамалы пәтер ақысы арзандаған. Бұған не себеп? Алдағы күндерге болжам қандай? Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.

Жұмыссыз қалған 155 мың адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржылай көмек алды. Биыл 146,3 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Қолданыстағы заңнама бойынша жұмысынан босатылғандар соңғы екі жылдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін төлем алады. Қаржы тіркелген кірістің 45 процентіне дейінгі мөлшерде беріледі.

Жылжымайтын мүлік саудасы азайды. Тұрғын үйді сату және сатып алу бойынша өткен айда 35 мыңнан астам келісім жасалған. Бұл -алдыңғы айлармен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш. Бірақ, сауда бәсеңдегенімен баға түсер емес. Керісінше, қымбаттап барады. Елордада жаңа баспананың бағасы 1,5 пайызға көтерілген. Алатау баурайында үй бағасы 5,2 пайызға қымбаттады. Ал жалдамалы пәтерге сұраныс төмендеген. Қазір Алматыда баспана жалдау ақысы -шаршы метріне 4715 теңге. Ал Астанада 4500 теңге деп бағаланған. Бұл көрсеткіш -өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Айбар ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Осыдан екі жыл бұрын болған сол уақыттан бері тұрып келе жатқан үлкен бір тұрғын үй нарығындағы ажиотаж қазір өзінің тоқтау фазасына келді. Жаңадан салынған үйлер нарығында тек қана бағаның өсуінің бәсеңдеуін байқауға болады. Баға өсуінің тоқтауы немесе бағаның кері кетуі 2024 жылдың жартысына дейін орын алмайтын сияқты.

Әр бала сүйіп жейтін шоколад қымбаттады елімізде. Жұрт кәмпит-пешенейді көбірек сатып алған сайын баға шарықтап барады. Бір жылдық өсім-13,7 процент. Карамель бағасы 21, мармелад 18 пайызға өскен. Сарапшылар мұны қант құнымен байланыстырып отыр. Дүкен сөрелеріндегі тәттінің дені-импорттық өнім. Дегенмен, отандық өндіріс те оны өкшелеп келеді. Биыл елімізде 68,8 мың тонна тәтті өнім дайындалған.