Баланы ақша табу мақсатында арам пиғылмен асырап алатындар бар. Жетімдердің көз жасы, тастандылардың тағдырымен санасып жатқан ешкім жоқ. Бала құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты заң жобасымен танысқан мәжілісмендер осылай деп ашуға булықты.
Бала құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты заң жобасын Мәжілісте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан таныстырды. Заң жобасында егер Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы қатарынан 3 рет баладан бас тартса, онда оны аккредитациясынан айыру мәселесі қарастырылатыны айтылған. Шикі тұстарына депутаттар бірден шүйлікті.
Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бала мүлік емес қой, хайуан емес қой. Бала - адам ғой. Оны қабылдатамыз, қайтарып жібереміз, қабылдатамыз, қайтарып жібереміз, қандай құндылық қалады бұл жерде. Спорттың өзінде "рестарт" деген дүние бар. Свистоктан бұрын суға секірсең сені жарысқа қатыстырмайды. Бұл жерде баланың тағдыры жатыр ғой. Сондықтан дәл осы нәрсені құрту керек деп санаймын. Бір рет баладан бас тартты ма бітті. Дәл бұлай заң жасай берсек қалай ұшпаққа шығамыз.
Елімізде 22 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олар тағдырдың сынағына көніп, аяулы алақанды сезінбестен өмір кешуде. Жаңа отбасын таптым деп қуанған баланың көңілін су сепкендей бірнеше рет басу адамгершілікке жатпасы анық. Ал депутат Ринат Зайытов перзентханадан баланы бірден алып кетуге болатын бағдарламаның жеңілдетілген түрін енгізуді сұрады.
Ринат ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізде көп балалар перзентханада қалып қояды да. Сол бір екі аралық бар. Менің таныстарым бар, үйінде балалары жоқ. Сол перзентханадан бірден алып кетсек дейді да. Бірақ, бюрократиясы бар, көп қарастырылады. Ал перзентханадағы бала сол аралықта мүлдем қараусыз болады. Жасырмау керек. Перзентханада ешкім оған ата-аналық мейіріммен қарамайды, дәрігер ретінде қарайды бәрі.
Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Заң жобасында отбасы қамқорлығын қажет ететін балалар балалар үйіне бармай, перзентханадан анықталған жерінен, тіпті көшеден табылған жерінен бірден отбасыға беріледі. Мұнда шұғыл тәсілмен орналастыру қарастырылған. Яғни бұл дегеніміз кәсіби отбасылар 24 сағат бойы балаларды қабылдап алуға дайын болуы керек.
Заң жобасында баланы асырап алуға ынталандыру жағы да қарастырылған. Бала құқығын қорғау үшін талап та күшейтілген. Бірақ әлі кем-кетігі бар.