$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Атырау Мұнай өңдеу зауытындағы жоспарланған тексеру жұмыстарының 50 пайызы аяқталды

12.10.2023ж. 20:00
1190
Атырау  Мұнай өңдеу зауытындағы  жоспарланған тексеру жұмыстарының 50 пайызы аяқталды

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарланған тексеру жұмыстарының 50 пайызы аяқталды. Қауіпсіздік пен өндірістің тиімділігін арттыруға арналған шара уақытында, осы айдың аяғында тәмамдау жоспарл анған. Зауыт басшылығының айтуынша, өндірістің тоқтауы мұнай өнімдерінің тапшылығын туғызбайды. Зауыт резервуарларға жинақтаған мұнай өнімдерін әдеттегідей еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіп жатыр.

1600 жұмысшы, 100-ден астам ауыр және жеңіл техника. Атырау Мұнай Өңдеу зауытының негізгі жұмысы тоқтап тұрғанымен, тексеру-жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жұмысшылар екі ауысыммен, күндіз-түні тер төгуде. Жергілікті жұмысшылармен қатар көршілес Ресей, Қытай, Франция елдерінің білікті мамандары тартылған. Жыл сайын өтуі тиіс тексерудің уақытында және сапалы аяқталуы маңызды. Сондықтан уақыт үнемдеу үшін технологиялық нысандардың жанына жұмысшылардың тамақтануына арналған шатырлар, модульдік демалыс орындары қойылған. Тіпті қызметкерлер ауыра қалған жағдайда 6 өндіріс орнында фельдшерлік пункт орнатылған.

Мұрат ДОСМҰРАТОВ, «АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің негізгі қондырғыларымыз 4, 2, кейде жылына бір рет тексеріледі. Бұл негізінен жабдықтардың пайдалану мерзіміне байланысты. Уақыты келгенде техникалық қадалғалау мамандарының ұсынысымен құбыр желісінің кейбір учаскесін, кейбір жабдықтарды ауыстырамыз. Зауытта 43 технологиялық компрессор бар . Олардың да тексеру нормалары бар. Тексеру жүргізу үшін қондырғыларды толығымен тоқтату керек. Бұл жұмысты уақытында жүргізу технологиялық параметрлерді жақсартып, жұмыс тиімділігін артырады.

Мамандар аппараттарды бумен тазалау процесі жабық жүйеде өтетінін айтып, көмірсутек қоспасы ауаға шығарылмайды ,- дейді. Тексеру жұмыстары күзде жүргізілуінің өзіндік себебі бар. Көктем және жаз мезгілінде егін егіп, өнім жинайтын кезде шаруаларды жанар-жағар майдан үзбеу керек. Сондықтан мамандар алдымен қажетті қорды жинақтап, сосын ғана зауытты жөндеуге тоқтатқан.

Әділет ШОШАНБАСОВ, «АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОР ЫНБАСАРЫ – БАС ИНЖЕНЕР:

Осы жұмыстың басталуының алдында 36 мың тонна автобензин, 32мың тонна дизель отыны және 7 жарым мың тонна керосин отынымен қорды жинақтағанбыз. Бүгінгі таңда сол қорды министрлікпен кестесімен жөнелтілу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жұмыстың 50 пайызы бітті деп айтуға болады. Кестеден ауытқу жоқ.

Оған қоса қазан айында 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарланған. Өйткені зауыт басшылығының айтуынша, тексерудің алғашқы кезеңі 20 қазанда, толықтай жөндеу ай соңында аяқталады.