Таразда 4 млрд теңгеден астам қаржыға тартылған инфрақұрылым түгелдей тоналды. Жаңа шағын ауданға жүргізілген желілер қолды болған. Тұрғындар қалай қараусыз қалғанына таңқалып отыр. 16 жыл күтіп, жер теліміне қол жеткізгендер қайтпек? Әкімдік қайта қалпына келтіре ме? Өңірдегі тілшіміз сұрап білді.
Құмшағал шағын ауданынан 8 соттық жер телімі кезекте тұрғандарға 2021 жылы берілген. Жерлерін алғалы жұрт үй салмақ түгілі, ірге тасын қалай алмай жүр.
Рәтбек КӘРІБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Подстансаны ұрлап кеткен. И су качаться ететін насосты ұрлап кеткен. Енді қазір светтің линиясын ұрлап кеткен. Стройка елдер жүргізе алмай жатыр. Түкірігімен соқпайды ғой. Машинасы барлар машинасын әкеп, тасып соғып жатыр. Ал енді қалған адам не істеу керек? Су жоқ, свет жоқ. Срок берген 3 жылға. 3 жылда соқпақ түгілі біз мынандай түрімізбен 6 жылда да соға алмаймыз.
Айдархан ИСМАЙЫЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
2 ай күтіп, әрең кіргенбіз әкімшілікке. Сөйтіп, жан айқайымызды естіткенбіз. Ол кісі естіді. «Болды, 2 айдан кейін мен сендерге бәрін қойып беремін»,-деді. Қойып бермеді міне. Әлі жүрміз.
Қала билігі су стансаларын осыдан 3-4 жыл бұрын қолды болды дейді. Ал жарық желілері былтыр ұрланған. Барлығы 46 млн теңгені құрапты. Су тартқан компания стансаларына қарамаған, жарыққа жауапты күзетші жұмысына салғырттық танытқан. Енді шығын мердігерлердің мойнына ілінбек.
Нұрсұлтан ИСАБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қарауыл қойылған. Жеке кәсіпкер «Айсұлтан» мекемесімен. Қазіргі таңда 12 млн теңгені өндіру бойынша жеке сот орындаушыға талап арыз берілді. Қайта қалпына келтіру бойынша қазіргі таңда жоба дайындалып, сараптама қорытындыға өтіп жыл соңына дейін толығымен қалпына келтіріп, алқапқа су беруге болады деп есептейміз.
Құрылыс бөлімі қазір электр энергиясына қатысты өтініш білдіргендерге көмек көрсетілетінін айтты. Ал инфрақұрылымды қолды қылғандарды полицейлер таппапты.