Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматы облысы Есік қаласында 1500 орындық жаңа мектеп ашылды

13.10.2023ж. 20:00
748
Алматы облысы Есік қаласында 1500 орындық жаңа мектеп ашылды

Алматы облысы Есік қаласында 1500 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұл- Еңбекшіқазақ ауданындағы алғашқы қазақ мектеп-лицейі. Жаңа білім ордасының пайда болуы қаладағы үш ауысымдық мәселені шешуге едәуір ықпал етті.

Су жаңа ғимарат, заманауи жабдықталған сыныптар мен білікті ұстаздар. Мұнда оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Жаратылыстану - математикалық бағытындағы № 6 қазақ орта мектеп – лицейінде қазір 510 бала оқып жатыр.

Айару ҚОЖАБЕК, ОҚУШЫ:

Маған осы лицейде оқуға ұнайды. Тез үйреніп кеттім. Себебі пән мұғалімдері сабақтарды жақсы өткізеді. Өте қызықты болады сабақтардың үстінде. Білімді де соған сәйкес жақсы береді.

Оқушылар ғана емес, жаңа мектептің ашылғанына ата-аналар да риза. Берік Иманбаевтың 4 баласы биыл осы білім ордасына ауысып келді. «Мектептің орналасқан жері жақсы, үйдің жанында, бұрынғыдай көлікпен тасып сабылмайсың»,- дейді ол.

Берік ИМАНБАЕВ, АТА-АНА:

Біз оған дейін басқа мектепте оқығанбыз Абылай хан атындағы. Енді осында, біріншіден, жақын мектеп болғаннан кейін, заманауи мектеп болғаннан кейін, құрал-жабдықтары заманауи болғаннан кейін, мұғалімдері тәжірибелі маман болған соң, осы мектепте жақсы білім алып шығады деген сенімдеміз.

Мектептің құрылысы 3 жыл жүрді. Мұнда сапалы білімнен бөлек оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік бар. Хор, домбыра, би және спорттық үйірмелер жұмыс істейді.

Мира ҚОНЫСБАЕВА, № 6 ОРТА МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бүгінгі күні лицейде 48 ұстаз өз қызметін атқаруда. Лицейімізде 84 оқу кабинеті бар. Оның ішінде соңғы заманауи жабдықталған физика, химия, биология кабинеттері, мультимедиялық, лингофондық кабинеттер, ұлдарға, қыздарға бөлек шеберханалар. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан білім саласының дамуына аса назар аударылып отырғаны қуантарлық жағдай.

Еңбекшіқазақ ауданында жалпы саны 87 мектеп бар. Қазір оның үшеуі үш ауысыммен оқиды. Олар Бәйтерек, Қайназар, Рахат елдімекендерінде орналасқан.

Жарқын НҰРҒАЛЫМОВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ауданымыз Алматының іргесінде, агломерацияда орналасқандықтан жылдан-жылға халықтық миграцияға байланысты бала санының артуы байқалады. Бүгінгі таңда жеке инвесторлардың көмегіменен Есік қаласында қазір екі мектеп құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы пайдалануға берілген жағдайда Рахат ауылындағы үш ауысымдық жойылатын болады.

Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылға 4 мектеп және 2025 жылға 7 мектептің құрылысы жоспарланған.