Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстаннан елге оралды

AstanaTV
16.10.2023ж. 10:19
512
Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстаннан елге оралды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға барған Қазақстан құтқарушылары елге оралды, деп хабарайды ТЖМ ресми сайтында.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, гуманитарлық миссияны орындау үшін жалпы 45 адам, оның ішінде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері жіберілген болатын.

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының міндетін атқарушы генерал-майор Ұларбек Әбікеевтің басшылығымен қазақстандық құтқарушылар жасағы қойылған міндеттерді абыроймен орындаған. Жер сілкінісі аймағынан оралған құтқарушыларды әуежайда әріптестері, туыстары мен жақындары, "Lider.kz" қозғалысының еріктілері қарсы алған. Еріктілер Чарли, Джейкоб пен Евро атты құтқарушы иттерге медальдар дайындаған.

Гуманитарлық миссияға қатысушыларды ТЖ вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісов құттықтап, халықаралық құтқару операциялары біздің мамандарға өз кәсіби біліктілігін арттыруға және әр түрлі жағдайларда жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге көмектесетінін атап өтті.

Ауғанстандағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 83 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеген, Наиброфи елдімекенінде 700 қираған үйдің учаскесін тексерген.

Сонымен қатар құтқарушылар көз жұмған бір баланың денесін тауып, алып шығып, қатты шаңды дауылдан зақым келген шатырлы 9 қалашық орналасқан жерде тексеру жұмыстарын жүргізген.

Сондай-ақ қазақстандық құтқарушылар Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын да тексеріп, Чолк елдімекенінде үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізген. Құтқарушыларымыз елге оралар алдында ауған билігі қазақстандықтарға жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсеткені үшін алғысын айтқан.

"Біз Қазақстанның қиын сәтте көрсеткен көмегін ұмытпаймыз", - дейді Ауғанстан мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Мохаджер Сахиб.