Қызылордада жерді заңсыз
иемденіп алғандармен күрес басталды. Алты жүзден астам отбасы қаланың шеткі
аймақтарындағы жерлерді өз бетінше пайдаланған. Олардың басым бөлігі үй салып,
орнығып алған сыңайлы. Бүгінде әрбір дерек бойынша тексеру жұмыстары басталды.
Тіпті ортақ шешімге сай, бұзылып жатқан баспаналар да бар.
Мынау - Қызылорданың шетіндегі әл-Фараби шағынауданы. Қалалық жер қатынастары мамандары үйдің іргетасын
қалаған адамдарды екі апта бойы таба алмай әуреге түскен. Заң бойынша бұл аумақ
- қаланың жер қорына тиесілі. Өз бетінше иемденіп алғандар табылмаған соң, іс
сотқа өтіп, жердің мәселесі шешілді.
Ғалымжан Еркебай, Қызылорда
қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Қазіргі таңда осы факт
негізінде 658 жер заңсыз құрылыстары анықталып, соның 53 іргетасы қаланған
фундаменттер болып отыр. Осы іргетас
фундаменттерды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бір жыл бойы жүргізілетін
болады.
Бұл
ауқымды шараның тек басы ғана, - дейді мамандар. Біраз жылдан бері қала
шетіндегі бос жатқан жерге үй салып алып, өмір сүріп келе жатқан тұрғындармен күрес
оңай болмайтын түрі бар. Бір ғана әл-Фараби ауданында үш жүзден астам баспана
заңсыз бой көтерген. Басым көпшілігі - тұрмысы төмен отбасылар. Ешқайсының жерге
тиісті құжаты рәсімделмеген. Солардын бірі - Бақытбек Молдатаев. Он екі жыл
бұрын жер қатынастары мамандарының «жерді пайдалана беріңіз, сосын құжаттарын
дайындап береміз» деген уәдесіне сеніп қалғанын айтады.
Бақытбек
Молдатаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Ешкім
өзі келіп, ойып, үй салған жоқ мына жерге. Бәрін земельныйдын адамдары келіп,
берген. Енді барсаң, олардың біреуі де жоқ, табылмайды сол. Бұзамыз деп зәремізді
ұшырып кетті ғой.
Бақытбек сияқты, басындағы баспанасынан айрылып қаламын ба деп мазасы қашқандар жетерлік.
Нүркен
Тұрғанбай, Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі:
Жер
учаскесін өз бетінше иемденгені үшін әкімшілік-құқық бұзушылықтар Қазақстан
Республикасының кодексінің 136 бабына сәйкес жеке тұлғаларға 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік көрсетілген. Осы әкімшілік жаза
қолданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде осы заңсыз иемденген жер учаскесін
босатуға және осы жер учаскесіне салынған құрылыстарды өз есебінен бұзуға
міндетті.
Әрбір
істі арнайы құрылған комиссия жеке-жеке қарауға көшкен. Ал соңғы шешімді сот
шығарады. Ол бойынша тұрғындар салынған үйлерді бұзып, жерді қайтаруға
міндеттеледі. Немесе айыппұл салынып, тұрғындарға сот тәртібімен үйлері мен жер
телімдерін заңдастырып алуға мүмкіндік беріледі.
Шарипа САҚТАПОВА