Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстанда киік ату жұмыстары қай аймақта жүргізілетіні құпия болып қалады

AstanaTV
16.10.2023ж. 17:00
586
Қазақстанда киік ату жұмыстары қай аймақта жүргізілетіні құпия болып қалады

Қазақстанда киік аулауға қатысты кей мәліметтер қауіпсіздік мақсатында құпия болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев журналистің сұрағына жауап беріп, киіктерді ату орны неліктен құпия екенін түсіндірді.

"Мұнда, біріншіден, қауіпсіздік мәселесі бар. Екіншіден, егістік, шабындық орындарын сақтау керек. Халықты дүрліктіріп отырған кей азаматтар бар. Киіктің саны азайса, менің де қабырғам қайысады. Бірақ бүгінде киік саны көбейді, сондықтан мұны реттеу керек", – деді ол.

Министрдің сөзінше, келесі жылы киіктер саны 2,6 миллион басқа жетеді. Ал оның 1,6 миллионы БҚО аумағын мекендейді екен.

"Бұл аймақтағы жайылым көлемі осынша киікті қамтамасыз ете алмайды. Салдары жұтқа әкеп соғуы мүмкін. Оның үстіне ғалымдардың сөзінше, Орал киіктері Бетпақдала киіктеріне қарағанда ұсақтау. Себебі Бетпақдала жайылым кең, шөп жеткілікті. Тіпті киіктердің арасында шөпке талас күшейген. Сіздерден тығылып атып отырғанымыз жоқ", – деп қосты министр.

Ерлан Нысанбаев киік ату орнының құпия болуы көлеңкелі бизнестің өркендеуіне әкеп соқпайтынын мәлімдеді.

"Киік ату мәселесі тың бақылауда, штабтар құрылған. Олардың құрамында түрлі мемлекеттік орган өкілдері бар. Сондай-ақ орман мен аң шаруашылығы комитеті, ішкі істер министрлігінің аймақтардағы өкілдері киікті жасырын ату фактілерін болдырмау үшін әрекет етеді", – дейді Ерлан Нысанбаев.

Еске салайық, бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев алапат өрт шыққан “Семей орманы” резерваты жұмысшыларының жалақысы қаншаға өскенін айтқан еді.