$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Декларация идеологиялық құжат ретінде адамдардың сана-сезіміне үлкен әсер етті", - ғалым

16.10.2023ж. 20:00
893
"Декларация идеологиялық құжат ретінде адамдардың сана-сезіміне үлкен әсер етті", - ғалым

Ғасырға жуық жарты әлемді билеп-төстеген Кеңес Үкіметі құлайды дегенге басында ешкім сенбеген еді. Алайда, 1990 жылы қызыл империяның шаңырағы шайқала бастады. Құрамындағы елдер өз тәуелсіздіктерін бірінен соң бірі жариялап жатты. Қазақстан да дербестігін ойлап, осы жылдың 25 қазанында декларация қабылдады. 17 баптан тұратын құжат тәуелсіздіктің мызғымас тұғырына айналды.

90 жылдың басы. Кеңестік империяның сол кезгі басшылары жанталаса реформалар жасап жатты. Одақты «қайта құрамыз» деген олардың ойы бәрібір іске аспады. Өйткені Балтық жағалауы елдері өз егемендіктерін жариялап, жеке ел болудың қамына кірісті. Бұл қозғалыс Азия елдеріне де жетіп, Қазақстан да Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Тарихи оқиға Гүлжан Сүгірбаеваның күні кешегідей көз алдында.

Гүлжан СҮГІРБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Тарихта бір мезгілде бір оқиғалар тарихтан өшіріледі, бір кезде олар қайтадан аренаға шығады. Мен өзім тарихшы ретінде қуанам, республика күніне қайта оралған. Пост кеңестік қоғамда біздің республика құруымыз сол кезде үлкен бір тартылыс берді. Үлкен бір тарихи оқиға болды. Сол тарихи оқиғаның қайта оралуы, сол күні атауы әрине бүкіл қазақстандықтарды қуантады деп ойлаймын.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары үшін бұл құжатты қабылдау оңайға соқпады. Олар 16 қазан күні «декларация жобасына ұсыныстарды жинақтау және қорытындылау жөніндегі комиссия құру туралы» қаулы қабылдады. Комиссия төрағалығына академик Салық Зимановты бекітті. Қорытынды отырыс 25 қазан күні өтті. Талқылау 6 сағатқа созылып, оның әрбір бабы қызу пікірталас тудырды. Декларацияны 261 депутат қолдап, 18 депутат қарсы шықты. 2 адам қалыс қалып, 1 депутаты мүлдем дауыс бермеді.

Иманәлі БАЙДӘУЛЕТ, ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТІҢ СОЛ КЕЗДЕГІ ДЕПУТАТЫ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Осындай талас-тартыспен қабылданған декларация идеологиялық құжат ретінде адамдардың сана-сезіміне үлкен әсер етті. Ұлттардың теңдігін, олардың әлеуметтік және діни жағдайына қарамастан адамдардың теңдігін және адам құқықтарын қорғауды мақсат етті. Қазақстанның ортақ меншіктен үлес алатыны, өзінің ішкі әскері, өз полициясы болатыны декларацияда жан-жақты көрсетілді. Осы тұрғыдан алғанда, декларация адамдардың санасына өзінің саяси, идеологиялық әсерін тигізді деуге болады.

«Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады» деп басталатын құжат 17 баптан тұрады. Декларация егемендік мәртебесін жариялап, елдің территориялық аумағы бөлінбейтіні, қол сұғылмайтыны айтылды. Нақтырақ айтқанда, бұл құжат Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болып, жеке дара өмір сүре алатынын көрсетті.

Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Осы Егемендік декларациясы қабылданған күн Тәуелсіздік қабылданған 16 желтоқсаннан деңгейі жоғары деп ойлаймын. Өйткені бұл күн Қазақстан Республикасының тұңғыш рет әлемде өзінің жеке тәуелсіз ел екенін сезініп, ішкі-сыртқы саясатын қолға алып, тізгінді қолға алған уақыты. Сондықтан мен бұл күнді тәуелсіз тарихымыздағы ерекше мәртебеге ие күн деп есептеймін.

Бір жылдан соң КСРО-ның керегесі сөгіліп тынды. Құрамындағы 15 республика жеке дара ел болды. Соның ішінде Қазақстан бүгінде экономикасы мен сыртқы саясаты жағынан Орта Азияда жетекші орынға ие. Әрине, бұл жетістіктердің бастауы Егемендік декларациясы екені даусыз!