$478.96 €533.03 ₽5.22
×

"Марапат үшін емес, адам өмірі үшін басымды бәйгеге тігемін", - өрт сөндіруші

18.10.2023ж. 20:00
976
"Марапат үшін емес, адам өмірі үшін басымды бәйгеге тігемін", - өрт сөндіруші

Павлодарда өрт сөндіруші жанып жатқан үйден 8 жасар баланы құтқарып қалды. Оқиға өткен жылдың жазында болған. 8-ші қабаттағы пәтерден өрт шыққан. Жедел жеткен құтқарушылар есікті бұзып, баланы аман алып қалды. Өрт өтінде жүрген төтеншелікпен тілшіміз тілдесті.

Дастан Сүлейменов – 32 жаста. Павлодар қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Бұл салада 5 жылдан бері қызмет етуде. Ол өткен жылы қызыл жалынға оранған пәтерден 8 жастағы баланы құтқарып қалды. Өрт шыққан сәтте бала үйде жалғыз болыпты.

Дастан СҮЛЕЙМЕНОВ, ӨРТ СӨНДІРУШІ:

Барған кезде әйнектен көк түтін шығып жатты. Біз аппарат киіп, бірден сегізінші қабатқа көтеріліп, есік жабық болды. Пәтердің ішінде кішкентай бала бар - деді бізге. Есікті бірден бұзып, ішіне кіріп барлау жасаған кезде ес түссіз жатқан баланы таптық. Бірден баланы көтеріп, баспалдақ арқылы түсіріп, медбикелерге бердік.

Осылайша, бала өлім аузынан аман қалды. Құтқарушының бұл ерлігі елеусіз қалмады. Өткен жылы Ел Президенті «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Алайда, өрт сөндіруші марапат үшін емес, адам өмірі үшін басын бәйгеге тіккенін айтады.

Дастан СҮЛЕЙМЕНОВ, ӨРТ СӨНДІРУШІ:

Өрт болған кезде өзің туралы ойлайтын уақыт жоқ. Өйткені, бірінші мақсатымыз адам құтқару. Жұмыстың қауіптілігіне қарамастан, біз осы бөлімде бәріміз бір отбасы секілдіміз. Бәрі бір-бірімізге көмек көрсетіп, бағдар береміз. Бір-бірімізді қолдаймыз.

Дастан Сүлейменов - жұбайы екеуі 3 бала өсіріп отыр. Үлкені 7-де ал кішісі 1-ге толды.