Әлеуметтік желіде «Красавчик Азамат» атымен танымал, бір күнде жұлдызға айналған құтқарушы Ақтөбеде тұрады. Ол Қобда ауданында көктемгі су тасқыны кезінде иыққа дейін су кешіп жүріп, адам толы қайықты судан алып шыққан-Азамат Ермағамбетов.
Азамат Ермағамбетов деген осы жігіт. Үйлері суға кеткен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруде, олардың дүние мүліктерін тасуда ерлік танытқан. Алға қарай жүзе алмағандықтан мұзды ойып, қайықты өзі сүйреді.
Азамат ЕРМАҒАМБЕТОВ, АҒА ӨРТ СӨНДІРУШІ:
Мұзды ойып, жаңағы үйге дейін бардық. Шамамен 100 метрдей болып қалатын шығар. Мұз ойып бара жатқанда қайықта отырған кісі түсіріп алған ғой видеоға. Содан әлеуметтік желіге таралып кетті.
Азамат осылайша бір күнде жұлдыз болып шыға келді. Бірақ, ол жерде жалғыз емес, жанында өзі секілді Ақтөбе гарнизонының жүздеген құтқарушысы аянбай қызмет еткенін айтады. Бұл №22 Қалалық өрт сөндіру бөлімінде 51 қызметкер бар. Барлығы үш ауысыммен 24 сағат жұмыс істейді. Он сегіз жылдық еңбек өтілі бар аға өрт сөндіруші Азаматтың бұл бөлімге келгеніне үш жыл ғана болған. Құтқарушылар отқа да, суға да түсіп, адам өмірін құтқару үшін өз бастарын бәйгеге тігеді. Сондықтан бұл кәсіпке көптің бірі ғана шыдауы мүмкін.
Азамат ЕРМАҒАМБЕТОВ, АҒА ӨРТ СӨНДІРУШІ:
Ең бірінші өз қызығушылығы болуы керек. Батылдық, жылдам әрекет ету. Батылдық, қайсарлық, күш-қуат керек әрине. Ол жерде бір, екі минут жұмыс істеу емес, кейбір кезде бір сағаттық жұмыстарда болады. Соған төзе білу керек. Төзімділік керек.
Өрт шықса бір минуттың ішінде жиналып, оқиға орынан табылатын бұл жігіттер қиын жағдайда қалған мал-жанды құтқарып қана қоймай, су тасқынының салдарын жоюда да орасан зор қызмет етті. Қыстай боранда қалған көліктерден адамдарды құтқарып, жылыту бекеттеріне жеткізді.
Азамат ОНБЕРГЕН, № 22 ҚАЛАЛЫҚ ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Адам өмірінде түрлі жағдайлар болады. Авариялық құтқару жұмыстары, өрттер, неше түрлі табиғи зілзала болады. Соның барлығында өз бастарын қатерге тіксе де көмек қажет етіп тұрған адамның өмірін құтқарып, көмектесу басты мақсат болып есептеледі.
Жыл басталғалы ақтөбелік құтқарушылар 1 мыңға жуық авариялық-құтқару жұмыстарына барып, 670 астам адамды құтқарған.