Теміржолшылар 55 жасында зейнетке шығу керек. Сенатор Геннадий Шиповских Үкіметке осындай ұсыныс жасады. Оның айтуынша, теміржол саласындағы қызметкерлердің жұмысы жеңіл емес. Арнайы министрлік құрылса да жалақы, баспана, зейнет жасы сияқты негізгі мәселелер әлі шешілмей келеді дейді. Жауапты ведомствоның мәліметінше, теміржолшылардың ең төменгі жалақысы 300 мың теңге. Алайда сенатор бұның шындыққа жанаспайтын ақпарат екенін жеткізді. Шойын жолда жұмыс істейтіндерді баспанамен қамтуға қатысты ұсынысын айтты.
Геннадий ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазақстан темір жол ұлттық компаниясының соңғы 3 жылдық табысы 263 миллиард, 748 мың теңгені құрап отыр. Ал 2023 жылғы 6 айдың ішінде 108 миллиард 250 миллион теңгені құрап отыр екен. Біздің ойымызша мұндай табыспен теміржол саласындағы қыстың көзі қырауда, жазды күні ыстықта далада жұмыс атқарып жүрген қарапайым мамандық иелерінің жалақысын көтеруге болатыны сөзсіз. Екіншіден қозғауды талап ететін келесі мәселе қарапайым жұмысшылардың зейнет жасы. Өздеріңіз ойланып көріңіздер 63-ке келіп, инфрақұрылым жөндеу оңай ма?