Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Елімізде бойдақтар саны артып, бала туу көрсеткіші төмендеген

20.10.2023ж. 20:00
1663
Елімізде бойдақтар саны артып, бала туу көрсеткіші төмендеген

Елімізде бойдақтар саны артқан. Соңғы он жылда некеге тұрғандардың саны 164 мыңнан 128 мыңға азайған. Салдарынан бала туу көрсеткіші төмендеді. Шаңырағым биік болсын деп, асықпай, таңдағандардың өзі, бір жылға жетпей ажырасып жатыр. Қазақстанда бір бүтін боламыз деген әрбір төртінші отбасы екіге кеткен. Жанұя болуға асықпайтын, ажырасудан жасқанбайтын азаматтар неге көбейіп барады? Бұған не себеп? Аружан Задабек мамандармен тілдесті.

Қазіргінің жастары асықпаған арбамен қоян алады дей ме, қайдам, әйтеуір үйленуге асықпайды. Оң-солын саралап, кем-кетігін түгендегеннен кейін ғана шаңырақ көтеруді ойлайды. Бірақ мамандар бұл тенденцияға алаңдаулы. Өйткені жас өскен сайын балалы болу мүмкіндігі азаяды, -дейді. Бұрын ата-бабаларымыз 13-те отау иесі дейтін. Бертін келе бұл пікір өзгеріп, көп жас үйлену үшін 18 бен 22 жас аралығын таңдады. Ал қазір...

Наила МҰХТАРОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:
Орташа жас 25-тен асып кетті. Басқа мақсаттарды жүзеге асырып, кейін тұрмысқа шығамыз деген жастардың саны көбейіп жатыр. Сонымен қатар демографияда алғаш рет бала туудың орташа жасы да өсіп жатыр. Бұрын алғашқысы 22,23, 24 жас болса, қазір орташа жас 29-ға дейін жетті.
Иә, демографтың сөзінде жан бар. Қазір бойдақтар «шашымның санап әр ағын, отыздан асып барамын» деп әндетіп үйленеді. Оған дейін "жалғыздың шаңы шықпасын" ойламайды. Отбасын құруға асықпайтындардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады.

Жұлдызай ЫСҚАҚОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:
2021 жылға дейін бізде бала туу көрсеткіші жоғары болды. Бірақ қазір бұл үрдіс тоқтап қалды. Енді бала туу көрсеткіші төмендейді. Оған бірнеше фактор әсер етеді. Адамдар кризиске байланысты бала туудан уақытша бас тартуға мәжбүр. Елімізде ажырасу да көбейді. Толық емес отбасылардың саны артты.
2050 жылға дейін қазақстандықтардың саны 24 миллионға жетеді. Бұл – болжам. Мамандар мұндай статистикаға қол жеткізу үшін бала туу көрсеткішін арттыру керек, - дейді. Тәуелсіздік алғаннан бері халық саны 14 процент өсті. Келесі айда еліміздің 20-миллион тұрғыны дүниеге келуі мүмкін.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
2021 жылы біз соңғы 34 жылда туу көрсеткішіне жеттік. Жалпы туу коэффициенті 3,3 құрайды. Соңғы 10 жылда халық санының өсуі шамамен 3 млн адамды құрады. Осы саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, біздің конференция саланың және тұтастай алғанда елдің дамуының тұрақтылығын арттыру үшін бірлескен шараларды әзірлеу үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Биліктегі атқамінерлер мен мамандар қалай қазақстандықтардың санын көбейтеміз деп дал боп жүр. Мәселені ірі жиындарда көтеріп, шешімін табуға ниетті. Елде қазірдің өзінде үйлену жасына жеткен бойжеткендердің 30 проценті, жігіттердің 40 пайызы бойдақ. Сондықтан болар басы бостардың мәселесі біраз адамның бас ауруына айналған. Ал, сүрленген сүрбойдақ, жүр екен нені ойлап?