Түркістанда балабақшадан қайтқан кішкентай бала көлік астына түсіп көз жұмды. Бүлдіршінді балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын көлік жүргізушісі басып кеткен. «Hyundai Starex» маркалы көлігінің жүргізушісі бүлдіршінді үйінің алдындағы жолдың бойына әкеліп түсірген. Сол мезетте бала көліктің алдынан жүгіріп өтпекші болады. Ал оны жүргізуші байқамаған. Полиция мәліметінше, бүлдіршін дер кезінде ауруханаға жеткізілген, дегенмен жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Берік НЫШАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі таңда полициямен аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тергеліп, жүргізуші қамауға алынды. Автокөлік арнайы автотұраққа орналастырылды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Көлікті сол сәтте мүлдем басқа адам айдап келген деген ақпарат айтылуда. Сол маңда болған куәгер туысы жүргізуші ғана емес, бұған жауаптылардың барлығы жазасын алсын деп отыр.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:
Түркістан қалалық білім бөлімі тарапынан арнайы комиссия құрылды. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, мемлекеттік балабақшаның ата-аналары өзара тасымалды ұйымдастырғаны белгілі болды. Көлік тізгінінде болған адам шаруашылық жөніндегі қызметті атқарғаны анықталды. Жүргізушілікті қосымша алып жүрген. Тасымал барысында көлікте жауапты тәрбиеші болмаған.