$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордада «Алтын дән-2023» мерекесі тойланды

Қызылордада «Алтын дән-2023» мерекесі тойланды

Қызылордалық диқандарды су тапшылығы бүйірден қысса да сыр бермеді. Қамба астықсыз, ел азықсыз қалған жоқ. Шаруалар биылғы еңбектің нәтижесін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне әкелді. Қала тұрғындары ауылдардан жеткен тәтті дәмді алуға ағылды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қаланың 8 шағын ауданында ұйымдастырылды. Әр аудан өзіндік бренд өнімдерімен ерекшеленеді. Көпшілік Қазалының кәмпитін, Аралдың балығы мен сүт өнімдерін алуға асықты. Қысқа сақтайтын картоп, пияз, сәбіз де молынан сатылды.

Ақайша ЖАҢАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жылда осы жәрмеңкені асыға күтеміз. Алып қалуға тырысамыз, ұзақ сақталады, одан қалды дәмді болады. Ауылдың өнімдері химиялық заттар қосылмайды.
Сыр диқандары жәрмеңкеге 300 млн. теңгені құрайтын мың тоннаға жуық ауылшаруашығы өнімін әкелген. Оның ішінде азық-түліктен өзге малдың қысқы жем-шөбі де бар. «Алтын дән» мерекесі одан әрі ұлттық ат спорты бәйгесіне жалғасты.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлетін боламыз. Қазір осы спортпен шұғылданатын адамдардың саны 38 пайызға жетті. Ары қарай осы жұмыстарды жалғастырып, кеңінен өңірімізде спорт, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларын дамытатын боламыз.
82 шабандоз ат спортының 4 түрі бойынша сынға түсті. Оның ішінде өзге облыстан келгендер де бар. Нәтижесінде «Аламан» бәйгенің жүлдесі Жалағаш ауданынан келген кішкентай шабандозға бұйырды.

Жаңасыл БЕКБОЛАТ, «АЛАМАН» БӘЙГЕНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
2 айда мен орын машина ұттым. Сосын мынау Қызылордада бүгін болып жатқан бәйгеде топ жарып бірінші келдім. Бірінші отыра бер, отыра бер деді. Бірінші отырып, отырып Аланың қалауымен бір келдім.
Жеңімпазға 4 млн. теңге табысталды. Өзге де «Құнан», «Тоқ бәйге» мен «Тай жарыта» оза шапқандар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.