$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Ол жақта туған анаң жоқ": Ұзатылып бара жатқан оқырманына тілек айтқан Әсел Асқар көпшілікті тәнті етті

AstanaTV
24.10.2023ж. 09:15
1528
"Ол жақта туған анаң жоқ": Ұзатылып бара жатқан оқырманына тілек айтқан Әсел Асқар көпшілікті тәнті етті

Отандық блогер, тележүргізуші Әсел Асқар оқырманын ұзатып, әсерлі өлең оқыды. Қыздардың ерлігі жырлаған оған көпшілік сүйсінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан кадр

Блогер оқырман қыздарының ұзату тойына барып, қуанышына ортақтасуды әдетке айналдырыған. Бұл жолы да Мадина есімді қалыңдыққа ақ тілегін арнап, оның ата-енесіне өтінішін айтты.

“Мадинамен ең бірінші жұмыс барысымен таныстық. Сол себепті ата-енесіне айтатыным, жолдарыңыз болыпты. Ең бастысы Бейбарыс, қолыңа қонған құсыңды аяла. Қанша жерден қазақ болсақ та, біз әйелге көп міндет жүктеп қоямыз. Әлем әйелден басталады. Ер адам қанша жерден мықты болса да анадан туады. Мен жақында өлең жаздырттым.

“Еркесің, сұлу, дарасың,

Алысқа қанат қағасың,

Еліңнен ұзап жат жұртқа,

Енді сен келін боласың

Болса да жаның төзімді,

Қалпыңды сақта қазіргі

Сезімге еріп, сұлуым,

Ұмытып кетпе өзіңді.

Атаны сыйлау – тектілік,

Енені сыйлау – ептілік.

Ең үлкен бақыт олар да

Сыйласа сені бет бұрып.

Жүрек бар сенің кеудеңде

Қиналып іштей шерленбе

Өзгені ойлап, өзіңді

Өкпелетуге жол берме.

Сол бақыт бақыт сезім арналса,

Жаныңда жақсы жар болса

Махаббат, сүю, күю деп

Құрбан боп кеткен жан қанша?!

Әкең тұр жаны алаң боп,

Ол жақта туған анаң жоқ.

Өзіңе өзің бекем боп,

Күресу керек амал жоқ.

Бақытқа жетер қам жаса,

Тәңірім өзі қолдаса.

Жарыңды тыңда, алайда,

Жаныңа жара салмаса.

Атаңа иіл, құрметте,

Енеңнің төрін кірлетпе.

Ата-анаң берген ақылмен,

Үлгі болып, қалқам жүр көпке.

Есіңде сақта сен мұны,

Жүрекпен айттым мен мұны.

Өзге елге сіңіп, үйрену,

Қыз баласының ерлігі!

Бақ берсін Алла ғаламат,

Аялап күтсін, бағалап.

Тағдырың енді, қалқатай.

Барған еліңе аманат,

Аманат, бізден аманат”, – деп қалыңдыққа шын жүрекпен тілектес екенін жеткізді.

Әсел Асқар тойға жиналған ақ жаулықты апалар мен аналардан келіндерге қарап өздерінің жас күндерін еске алуын өтінді.

“Бұл сөздерді ата-анасы айтса өте дөрекі көрінетін еді. Мен мұны құрбысы, әпкесі ретінда айтып отырмын. Бұл жерде апалар, әжелер, әпкелер, аналар отыр. Сіздер де Мадинаның орнында болдыңыздар, іштей қорқыныш болды ғой?! Өз еліңді тастап, басқа елге сіңісу қыздарға оңай емес. Оның үстіне ерінің жағдайы, дүниеге сәби әкелуі әйелге байланысты. Сол себепті әрбір ұзатылған қыз ерлік жасайды деп санаймын. Ата-енесінен сұрайтыным, Мадинаны қадірлесеңіздер, білмейтінін үйретіп жіберсеңіздер, жұмсақ болсаңыздар оның керемет қырын көресіздер. Жастар ұрысып қалады, сөзге келіп қалады. Сол кезде даналықтарыңызды көрсетіңіздер. Татуласуына көмектесіңіздер, ат салысыңыздар. Сонда ажырасу азаяды, махаббат ұлғая түседі”, – дейді Әсел Асқар.

Желі қолданушылары блогердің көп қыздардың жанайқайын жеткізгенін айтып, риза болды.

“Өте керемет айтылды, сөздерінің астында ауыр шындық жатыр”, “Не деген сұлулық, кербездік. Әр сөзіне мән қойып, тыңдап отырған халықты Бір керемет әсерге, ойға шомдырды”, “Мұндай сөз бен тілекті айтудың бір өзі өнер”, “Әсел сізге риаз болдым”, “Нағыз керек, дұрыс сөздер”, “Жүректен шыққан сөздер жүрекке жетті”, – деп жазды желідегілер.