Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«Егемендік декларациясы – күллі қазақ үшін үлкен жеңіс»,- М. Тоқашбаев

24.10.2023ж. 20:00
778
«Егемендік декларациясы – күллі қазақ үшін үлкен жеңіс»,- М. Тоқашбаев

«Егемендік декларациясы – күллі қазақ үшін үлкен жеңіс». Журналист Марат Тоқашбаев осылай дейді. Арнамызға берген сұхбатында ол тәуелсіздігіміздің бастауы болған тарихи құжаттың қабылданған күнінен сыр шертті. Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалған Декларацияның түп нұсқасын қазір қайда сақтаулы тұр? Мөлдір Жақан айтады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бұл қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті. Бұрынғы парламент ғимараты. Тура 33 жыл бұрын 25 қазанда Қазақ ССР жоғарғы кеңесі егемендік туралы декларацияны дәл осы жерде қабылдаған.

Ал бүгінгі таңда саяси маңызды құжат Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде екен. Ендеше, өз көзімізбен көрейік.

Архив қызметкері бір жарым миллионнан астам құжаттың арасынан Егемендік декларациясын алып шықты. Тарихи құжаттың түпнұсқасын аса ұқыппен ұстап, парақтай бастадық. Мұнда Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деп анық көрсетілген. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары Республиканың ерекше меншігінде болатыны жазылған. Сондай-ақ бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрайды делінген.

Мәрзия ЖЫЛЫСБАЕВА, ҚР ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл іс 90-шылдары осы архивке мемлекеттік сақтауға өткізілген болатын. Бұл құжаттың ең құндылығы – оның түпнұсқалығында. Мұнда Қазақ ССР-нің гербі және де қаулы сол кездегі мына бланкалік үлгідегі жасалған құжат. Әрі бұл құжаттарда ресми түрде кімдердің қолынан өтіп, қандай жазбалары бар екенін көріп тұрсыздар. Қолтаңбалары қойылған.

Егемендік декларациясы – тәуелсіздікке бастаған саяси қадам. Ұлтымыздың тағдырын шешкен маңызды құжат. Алайда ол оңайлықпен қабылданған жоқ. Бұл құжат он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы отырысының күн тәртібіне шығарылды. Оның жобасын даярлау жөніндегі комиссияны атақты қазақ заңгері, академик-депутат Салық Зиманов басқарды. Тартысқа толы талқылауға 36 депутат қатысты. Осы бір тарихи сәттің куәсі болған журналист Марат Тоқашбаев сол кезді тебірене еске алады.

Марат ТОҚАШБАЕВ, ЖАЗУШЫ-ПУБЛИЦИСТ:

Салық Зиманұлы Кеңестің сол отырысында тік тұрып мінберде, екі сағат бойы осы жобаны таныстырып, оның әр бабына түсініктеме беріп өтті. Бұдан кейін оны депутаттар «жарайды» деп қабылдай сала ма, сұрақтар жауды да кетті. Содан 4 сағат бойы Салық Зиманұлы 50 ден астам түскен сұрақтарға өте жақсы жауап берді. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі бүкіл әлемге жария етілді. Бұл керемет үлкен табыс.

Депутаттардың дауысын санау белгілі академик, математик Асқар Жұмаділдаевқа жүктелген еді. Ол санақ комиссиясының төрағасы болып сайланды.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ:

Алғашқы кезде Жоғарғы Кеңесте ешқандай компьютер болған жоқ, ол рас. Сосын баяғыдай қолымызды көтеріп есептейміз. Қарамағымда бір он шақты адам бар. Олар әр жерін бөліп есептейді. Мен де есептеймін. Қосамыз. Сосын секретариатқа протоколын жібереміз. Декларация да осындай компьютерсіз қабылданған. Декларация егемендік сөзінің синонимі. Ал тәуелсіздік егемендіктен кейін шығады.

Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі.