ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сібір жарасының таралуы жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy тілшісі.
«Биыл күйдіргі ауруының (сібір жарасы) расталған 37 жағдайы тіркелді,оның ішінде 19 жағдай Жамбыл облысында, 15 жағдай Ақмола облысында, 3 жағдай Қарағанды облысының Абай ауданында тіркелді. Бүгінгі таңда стационарда 3 науқас ем алуда. Күйдіргі ауруының барлық жағдайында ауру жұқтыру себебі ауырған жануарларды мәжбүрлі союға және етін бөлшектеуге, тасымалдауға, сақтауға және кәдеге жаратуға қатысудан болған», - деді Есмағамбетова.
Оның айтуынша, ауруды жұқтыру көзі ветеринариялық куәліксіз сойылған ауру мал болған.
«Күйдіргі ауруы адамнан адамға берілмейді», - деді ол.
Күйдіргі ауруының алдын алу мақсатында халыққа мынадай кеңес береміз:
ет және ет өнімдерін өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау жүзеге асырылатын рұқсат етілген сауда орындарында (ресми базарларда, дүкендерде, сауда орталықтарында) ғана сатып алу;
кездейсоқ адамдардан ет пен ет өнімдерін сатып алмау;
тамақ дайындау кезінде шикі ет өнімдерінің дәмін татып көрмеу,
ет пен ет өнімдерін мұқият қайнату және қуыру;
үй жануарларына күтім жасау кезінде жеке қорғаныш құралдарын қолдану;
егер ауру жануарлармен байланыста болғаннан кейін (күтім жасау, сою, бөлшектеу және т. б.) жоғары температура, терінің қызаруы, жаралар пайда болса, шұғыл түрде жақын жердегі медициналық ұйымға медициналық көмекке жүгіну керек.
өзін-өзі емдеуге болмайды, өйткені ол аурудың асқынуына әкелуі мүмкін және өлім қаупін арттырады;
жануарларды алдын ала ветеринариялық тексеруден кейін ғана сою;
үй жануарларына күйдіргіге қарсы профилактикалық вакцинация жүргізу.