$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Ескі көліктерді қабылдаудағы нюанстар

AstanaTV
26.11.2016ж. 20:00
3925
 Ескі көліктерді қабылдаудағы нюанстар

Ескі көліктерді қабылдау науқаны басталатынын естіп оралдық Руслан Қали 1998 жылы шыққан «Мицубиси» маркалі көлігін сондай орталыққа өткізуді ойлайды. Бірақ. Бірақ орталыққа өткізбеді, көлік базарына апарып әжептәуір ақшаға сатып жіберді. «Себебі өтеуіне беретін 150 мың теңге аз»,- дейді. Ол көліктердің маркасына, қаншалықты сақталғанына қараса деп ойлайды. Қайдан білсін, ескі көліктерді өңдейтін зауыттар ...2050 жылға қарай салынатынын. Әзірге тек бір жерге жинайды.

Көне көліктер жолда ғана қауіпті емес, қоршаған ортаға зияны да көп. /Көпшіліктің эконом класқа жататын жаңа көлік ала алмауы күрсіндіретін, бірақ басқа мәселе./ Сондықтан ескі автомобильдерді жинау дұрыс. Алайда бұл өркениетті елдер сияқты әрекет жасап көруге талпыныс ба, әлде жасыл экономика форумына байланысты көзбояушылық па...

Жобаны ұйымдастырушылар бағдарламаның алғашқы сатысында 10 мың автомобиль жинап аламыз деп отыр. 

Жомарт Рахымжанов, «ӨКМ ОПЕРАТОРЫ» ЖШС өкілі:

Кешегі 21-нен бері 50-ге жуық көлік жиналды. Мына күн райының қолайсыздығына байланысты көпшілікке көліктерді жеткізуге мүмкіндік болмай жатыр. Бағдарлама белсенді жұмыс жасап жатыр. Аймақ бойынша қазір 17 бекет жұмыс істеп тұр.

Алматыдағы көне көліктерді қабылдайтын операторлардың телефонына тыным жоқ. Күніне жүздеген қоңырау келіп түседі. Көпшілігі жаңа бағдарламаны әлі түсінбей жатыр, дейді орталық мамандары. Ал алматылық Зоя Карижецкая аулада бір жылдан бері қаңтарылып тұрған «ИЖ» маркалы 1999 жылы шыққан көлікті қалдық жинайтын мекемеге өткізуге бекініпті. Қарияны әурелемеу үшін орталық өздері алып кетуге келіскен. 

Зоя Карижецкая, Алматы қаласының тұрғыны:

Соңғы рет бұл көлікті 2015 жылы пайдаландық. Оған дейін мініп жүрдік, саяжайға баратынбыз. Өзге де жұмыстарымызды бітіру үшін пайдаланып келдік. Былтыр балам қайтыс болды да, содан бері тұр. Мен қартайдым, қызым да 50 жаста. Сондықтан хабарландырудан оны ақшаға өткізуге болатынын естіп, осындай шешімге келдік. 

Келісілген уақытта утилизация тірегінің мамандары да келіп, көлікті эвакуаторға тией бастады. Машина сыртынан бүтін болып көрінгенімен, қабылдау тірегіне жеткізілген соң, ол тағы да техникалық тексеруден өтеді.  Содан кейін барып автомобильдің құны белгіленеді.

Автомобиль иесіне екі санат бойынша қаржы төленеді. Толық жиынтықты көлікке 150 мың теңге беріледі. Ал егер көлікте кейбір қосалқы бөлшектер кем болса 48 мың теңге ғана қарастырылған. Жалпы көлігін жоюға өткізгісі келетін азаматтар ақпаратты қайдан алады? Автомобиль иесі  auto.recycle.kz. сайтын ашуы керек. Осы жерден өз көлігінің утилизация талаптарына сәйкестігін тексеруге болады. Істен шыққан автомобильдің қай жылы шыққаны маңызды емес. Бастысы қаңқасы сау, салмағы 3,5 тоннадан артық емес, 7 орындықтан аспайтын жеңіл автокөлік болуы шарт. Көлікті өткізерде оның иесінда жеке куәлік, машинаны тіркеуден шешу туралы анықтама, келісім-шарт және банкте арнайы есеп-шоты болуы міндетті.

Мұхаммед Ахметов, «ӨКМ ОПЕРАТОРЫ» ЖШС Алматы қаласы бойынша өкілі:

Келіп түсетін қоңыраулар көп. Бірақ нөпір байқалмайды. Алдағы уақытта бұл үлкен науқанға айналады деп сенеміз. Әр өңірге берілген лимит бар, сол бойынша тиісті көлемде жинап береміз. 

Сол сияқты аймақтарда да көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы бойынша қабылдаулар қызу жүріп жатыр. Орал қаласында 150 мыңға жуық көлік болса, соның 70 пайызы ескірген. Алайда утилизация үшін берілетін қаржы көлеміне Руслан Қалидің көңілі толмайды. Кеңес заманында құрастырылған әйгілі «Жигули» мен одан кейін шыққан « Мерседесті» салыстыруға келмейді. Сапасына қарай бағасы да реттелуі керек еді деген пікірде. Сондықтан ол өзінің тақымдап жүрген көлігін қайта өңдеуге емес, екінші қолға қымбатырақ бағаға сатып жіберген.

Руслан Қали, Орал қаласының тұрғыны:

Менің ескі машинам бар, ескі дегенде ескі емес, 1998-жылғы Мицубиси. Ол Москвич емес, Запорожец емес, ол - шетелдік автокөлік. Сол көлікті тапсырайын десең, барлығын150 мың теңгеге алады екен. Мерседес, Ауди, Пассат, Рено машиналарын жаңағыдай 150 мың теңгеге өткізе салу - обал.

Ал шымкенттік Ердос осы Орал қаласында вахтамен жұмыс істейді. Өткен жылы ВАЗ автокөлігін  230 мың теңгеге сатып алған. Жұмыс шалғайда болғандықтан, оның көлігі де қаңтарылып тұрады екен. Күн мен жауын-шашыннан тозып бара жатқан соң, өткізбекші. Базарға шығарып саудалап көріпті, бірақ сатыла  қоймаған.

Ердос Мамырбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

Үйде айдайтын адам жоқ. Өзім вахтовый жұмыста істеймін. Сентябрьден бастап айдаған жоқпын бұл машинаны. Құр бекерге қардың астында қалып, ненің астында қалғаннан гөрі өткізген тиімді болып тұр.

Жоба жетекшілерінің айтуынша бір адам қанша көлік әкелсе де, ешқандай шектеу жоқ. Тек құжаты оңды болуы тиіс. Мысалы «Колеса» автопорталында көлікті арзан бағаға сатып алатын хабарландырулар жеткілкті. Ескі көліктерді нарық құнынан арзанға саудалап, оны қайта кәдеге жарататын жерге өткізетін болса, заңға томпақ емес. Бірақ өзгені алдап түсіріп, одан пайда тапқысы келетіндерді қалай ажыратасың?!

Жомарт Рахымжанов, «ӨКМ ОПЕРАТОРЫ» ЖШС өкілі:

Ұрлап сату мүмкін емес. Оның құжаты болуы керек. Ол сіздің атыңызда болуы керек. Өтініш қабылданады, сіздің атыңыздан есептен шығарылуы керек. Сондықтан оны ұрлап әкеліп өткізу жүзеге аспайды.

Негізі ел аумағында утилизацияға жататын көліктерді қабылдайтын орталықтар өткен жылдан бері жұмыс істеуге көшкен еді. Алайда тұрғындар ескі көліктерін арнайы орталықтарға өткізуге асықпаған. Себебі олар үшін төлемақы енді ғана беріле бастады. 

Жомарт Рахымжанов, «ӨКМ ОПЕРАТОРЫ» ЖШС өкілі:

Бұл бағдарлама экономикалық емес, экологиялық және әлеуметтік жағын баса назарда ұстап отыр. Елді ынталандыру үшін түрлі акциялар да ұйымдастырып жатырмыз. Мысалы осы 28 қарашадан бастап алыстағы ауылдық, аудандық тұрғындардан көліктерді жинау үшін мобильдік жылжымалы бекеттер іске қосылады. 

Жарты жылдан соң аталған мекеме қабылдаған көліктерді бұзып, сұрыптауды бастамақ. Кейін қалдықтарды қайта өңдейтін үш зауыт салынады, деп сендіреді. Алайда 2050 жылға дейінгі жоспар. Бірақ ең маңыздысы да осы - көліктерді тау-тау қоқысқа емес, шикізатқа айналдырып, өндіріске пайдалану. 

Жомарт Рахымжанов, «ӨКМ ОПЕРАТОРЫ» ЖШС өкілі:

Қазір ӨКМ-мен 18 шина өңдейтін кәсіпорын келісім-шартқа отырған. Шинасы, майы, сосын түрлі-түсті металы өңделіп, сосын өзімізде шикізат ретінде қайтадан өндіріске пайдаланылады.

Экономист Айдар Әлібаев бұл жоба әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан  жүзеге асқанын айтады. Халықаралық экологиялық талаптар бойынша аталған бастама бізге де жетті. Маманның ойынша, бағдарламаның шикі тұсы - азаматтарға берілетін қаржының мардымсыздығы. Екіншіден, қайта өңдеу зауыттарын салу амбициялық бастама, оны жүзеге асыру оңай емес. 

Айдар Әлібаев, экономист:

Ең төменгі сома кем дегенде 300-350 мың теңге болуы керек деп ойлаймын. Ал кейбір көліктерге сапасына қарап 500 мыңға дейін беруге болар еді. Сол кезде бағдарлама қарқынмен жүзеге асады. Қозғалыс пайда болады. Біздің елде бәрінен үнемдеп қалғысы келеді. Ақырында, мынау неге баяу жүзеге асып жатыр,- деп таңдайларын қағады.  

Айтпақшы,  утилизация бағдарламасы бойынша ескі машинаны арнайы сертификаттарға айырбастау мүмкіндігі де бар. Бірақ заңдағы бұл норма келесі жылы желтоқсанда іске асуы мүмкін. Ескі көлік үшін бір сертификатқа шамамен 300 мың теңге белгіленген. Ол қолма-қол берілмейді, сертификатты отандық көлікті сатып аларда пайдалануға болады. Бір адам екі сертификатқа дейін өткізіп, салоннан жаңа көлік сатып аларда жеңілдікке қол жеткізбек. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Тәуелсіз жүргізушілер одағының дерегінше, Қазақстандағы 4,5 миллион автокөліктің 60 пайызы ескі. Олар өздерінің жүру мерзімін өтегендіктен қауіпті, әрі қоршаған орта үшін зиян. Оларды айналымнан шығарып, автопаркті жаңалаудың  жалғыз жолы осы-утилизация. Тек ел азаматтарын өз еркімен ескі көліктен бас тартуға ынталандыру қажет дейді, мамандар.

 Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».