$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналым 20% өсті

02.11.2023ж. 20:00
1489
Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналым 20%  өсті

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 20 процентке өсті. Мұндай өсім бұрын-соңды болмаған. Таяуда көрсеткіш 1 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрімен өткен кездесуде айтты. Қыпшақ тайпасынан шыққан Виктор Орбан атажұртқа ресми іс-сапармен келген. Қос тарап энергетика, көлік және логистика сынды салалардағы мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек меморандумға қол қойды. Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Елімізге іс-сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министріне рапорт берді. Екі елдің әнұраны шырқалды.

Тараптар алдымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы екі елдің қарым-қатынасын нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өзіңіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз.

Мажарстан – еліміздің сенімді стратегиялық серіктесі. Әсіресе, экономикалық қарым-қатынасы үлкен маңызға ие. Виктор Орбан екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

Виктор ОРБАН, МАЖАРСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Атажұртқа оралу -әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе.

Қазақ пен мажар – дос. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары қазір Мажарстан аумағында өмір сүреді. Осының өзі қос тараптың бауыр екенін аңғартады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, Сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін.

Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізеді. Энергетика, металлургия, мұнай-химия мен машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласы бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік мол.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтыр 100 миллион АҚШ доллоры болды. Биыл 24 проценке өсті. Қазір 9 айдың ішінде өсім тағы -24%. Оның ішінде көбісі Венгриядан келетін импорт. Дәрі-дәрмектер, көкөністер, сапасы өте жоғары. Біздерден апаратын балық басталды. Екі есе көбейді көлемі. 120 тонна балық жібердік.

Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастың дәлелі. Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты. Келіссөз барысында білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Виктор ОРБАН, МАЖАРСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын.

Жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Ал «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар. Жақында «Equilibrium Capital» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мүмкіндігіне ие болды. Бұл – осындай мәртебеге қол жеткізген Мажарстандағы алғашқы компания. Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Мекеменің елімізде 3 инвестициялық қор құруға ниеті бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Көптеген жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл білім саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады.

Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Қазақстанның жоғары наградасымен марапаттаған Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшін салатынын айтты.