Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Былтыр ғана 10 жылға сотталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі түрмеден босатылды

AstanaTV
03.11.2023ж. 09:38
663
Былтыр ғана 10 жылға сотталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі түрмеден босатылды

10 жылға сотталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов түрмеден босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Дәурен Махажановтың бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлға ауыстырылды.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесінде сот оны 50 миллион теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда бір жылдан кейін Жоғарғы сотта бас прокуратураның наразылығымен оның әрекеті алаяқтық ретінде қайта қаралған. Шенеуніктің жәбірленушіден ақшаны пара ретінде алмағаны, жәбірленушіні алдап соққаны анықталған.

Осылайша "пара алуға оқталу" бабы "алаяқтыққа оқталу" болып қайта қаралып, әкімнің жазасы 10 жылдан бес жылға дейін қысқартылған.

Ал қыркүйекте Махажанов колониядан босатылды. Бұрынғы шенеунік 1 миллион 988 мың теңге айыппұл төлеп, бостандыққа шықты.

"2023 жылдың 8 қыркүйегінде Қапшағай қалалық сотының бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен ауыстыру туралы қаулысы негізінде сотталушы Д.Махажанов Заречный кентіндегі №57 мекемеден шығарылды", – деп хабарлады Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі өкілдері.

Үкім заңды күшіне енді. Осылайша экс-әкім 15 айға жуық уақытын темір тордың артында өткізді.