$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әлихан Смайылов Шанхайдағы 6-шы халықаралық импорт көрмесін аралады

AstanaTV
05.11.2023ж. 13:03
893
Әлихан Смайылов Шанхайдағы 6-шы халықаралық импорт көрмесін аралады

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шанхайдағы Қытайдың 6-шы халықаралық импорт көрмесіне (ҚХИК) қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен бірге, онда ұсынылған Ұлттық павильондармен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық павильон шеңберінде Қазақстан ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, экспорт және инновация салаларындағы компаниялар мен жобалар арқылы кең ауқымды келушілерге өзінің инвестициялық, сауда және өнеркәсіптік мүмкіндіктерін таныстырады.

Австралия, Қытай, Куба және Сербия үкіметтерінің басшылары бар құрметті қонақтарға республиканың астық, май және басқа да азық-түлік өнімдерінің экспорттық әлеуеті, келешегі зор инвестициялық жобалар, теміржол бағыттарының желісі және туристік көрікті жерлер таныстырылды.

«Бүгінде еліміз бен ҚХР арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша 21 хаттамаға қол қойылды, бұл АӨК тауарларын Қытайға жеткізуді едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты көлемін кеңейте алады. Тек өсімдік майы мен күнжара бойынша экспорттық әлеует $300 млн-ды құрайды», — деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ұлттық павильонның тұсаукесері барысында.

Оның айтуынша, қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда ірі қара, қой және құс етін өндірушілердің мүмкіндіктері зор.

Қазақстан мен Қытай арасында сауда логистикасы да табысты дамып келеді. Бүгінде теміржол және автокөлік жолдарын, авиацияны қамтитын маршруттық желі құрылды. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жол дәлізі жүктерді Еуропаға 10-12 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналу үшін елеулі күш-жігер жұмсауда. 2014 жылдан бері Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған логистикалық терминал жұмыс істейді. 2023 жылдың мамыр айында Сиань құрғақ портында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды.