Танымал әнші Димаш Құдайберген БҰҰ Женевалық филиалының басшысы Татьяна Валоваямен кездесті. Бұл туралы өнер иесі Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Таңғажайып Женева қаласына бардым, онда мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевалық филиалының басшысы Татьяна Валоваямен кездестім. Кездесу барысында біз бірлескен жобалардың келешегін талқыладық. Сондай-ақ белгілі тұлғалардың әмбебап адами құндылықтарды, бейбітшілік пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілетуде ерекше рөл атқара алатынын атап өттік", - деп жазды Димаш Құдайберген.
Әнші бұл сапарында Ұлттар сарайында болып, Женева кітапханасы мен БҰҰ мұрағаттарындағы өнер туындыларымен, тарихи құжаттармен және нысандармен танысқан.
"Кейінірек Уилсон сарайында – БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасында және халықаралық көші-қон ұйымының штаб-пәтерінде кездесулер өтті. Сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілдігіне барып, қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен кездестім. Тұрақты өкіл Ерлан Әлімбаевпен кездесу барысында мен Женева алаңындағы жұмыста Қазақстанның басым бағыттарымен таныстым", - деді Димаш Құдайберген.