Косово-албаниялық мафия серкесі футбол жұлдыздарының үйін тонау жайлы және соның ішінде Лионель Мессидің үйіне неге тиіспегенін айтып берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Барселонада Йохан Круиффтың үйіне мен түскенмін. Онда Деннис Бергкампқа тиесілі сағатты, Hermes брендінің ұсақ-түйектері мен 20 мың еуро алып кеттім. Ол үйде ешқандай бақылау камералары да, дабыл беретін де жүйе болған жоқ. Онда кіргенде кімнің үйі екенін бірден білдім. Мадейрадағы Криштиану Роналдудың үйіне де түстік, бірақ мардымды ештеңе қолға түспеді", - деп береді ер адамның сөзін El Espanol.
Алайда ол Мессидің Барселонадағы үйіне тиіспеген.
"Мессидің үйіне түспек болған адамдарды бірнеше рет тоқтатқанмын. Оны Мессиді құрметтейтіндіктен істедім, ол маған ұнайды", - дейді ол.
Сонымен қоса, испаниялық басылымның жазуынша, албано-косоволық мафия серкесі 20 жылдан бері зәулім үйлерді тонап келеді екен. Ал оның қол астында 100-ден астам ұры бар көрінеді.