$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Астанада LRT тіректерінің бірі қисайып қалған

AstanaTV
10.11.2023ж. 22:19
4466
Астанада LRT тіректерінің бірі қисайып қалған

Желіде Астанадағы LRT құрылысы тірегінің қисайғаны түсірілген видео пайда болды. City Transpormation Systems баспасөз қызметі өкілдері құрылыс нысанын ертең, 11 қарашада қалпына келтіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Астанада LRT құрылысы тіректерінің бірі қисайған. Тұрғындар бұл жайтты фото мен видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде кеңінен таратқан. City Transpormation Systems (CTS) баспасөз қызметі өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Бүгін, қарашаның 10-ы сағат 17:00-де Тәуелсіздік даңғылында Қалдаяқов пен Панфилов көшелерінің аралығындағы LRT құрылыс алаңының аумағында бетон құйылып жатқан кезде әрі ағаш қаптауын болттармен жалғау кезінде оған жүк салынып, салдарынан ағаш қаптауы орнынан тайып кеткен, осылайша темірбетоннан құйылған тіреуіш қисайған", – делінген компанияның хабарламасында.

Қазір бұл аймақта көлік қозғалысы шектелген. Мамандардың айтуынша, құрылыс қирауға тиісті емес және тұрғындарға еш қауіп төніп тұрған жоқ.

"Қалпына келтіру жұмыстары ертең күндіз аяқталады", – деп қосты CTS өкілдері.

Айта кетейік, мұндай жайт бұған дейін де болған еді. Қыркүйек айының соңында желіде LRT тірегі қисайғаны түсірілген видео пайда болған. Ол кезде көлік министрі Марат Қарабаев LRT қауіпсіздігіне қазақстандық және шетелдік компаниялар кепілдік беретініне сендірген еді.

"Әрине, әуелі қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Біз бұл мәселені үнемі бақылауымыздан шығармаймыз. Бірақ бұл (жайт – ред.) тіректер сапасыз құрылды дегенді білдірмейді. LRT құрылысы бірнеше жылға созылған. Яғни толық аяқталмаған, жұмыстар әлі жалғасуда", – деді ол.