$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО шенеуніктері қоқыс полигонынан ауыл салып жатыр

13.11.2023ж. 20:00
791
БҚО шенеуніктері қоқыс полигонынан ауыл салып жатыр

Естімеген елде көп. Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының шенеуніктері үй салатын жер телімін қоқыс полигонынан бермек. Тұрғындар қоқыстың қақ ортасынан ауыл тұрғызбақ болғандардың "тапқырлығына" қарсы. Олардың айтуынша, бұл жерде күл-қоқыс төгілгені аздай, мал моласы орналасқан. Сондықтан жер қазылса, түрлі індет тарауы мүмкін.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Алдағы бірер жылда тұрмыстық қалдықтарға толы осы жер 300 үйлік елдімекенге айналмақ. Бұл - теректілік шенеуніктердің жоспары. Егер осы ойы жүзеге асса, ауылдықтардың үйге қажетті жиһазды іздеп, әлекке түспейтіні анық. Өйткені мына қоқыстан үйге керектінің бәрі табылады.
Жергілікті халыққа осылай "жаны ашыған" шенеуніктер мына қоқыс полигонын 16 жыл бұрын ашқан. Сол кезден бері мұнда 4 ауылдың тұрмыстық қалдықтары төгіліпті. Енді тұрғындар осы аумақтан жер берілуіне қарсы.

Тұрғындардың айтуынша, қоқыс полигонының іргесінде мал моласы бар. Сондықтан қазылған жерде түрлі ауру тарап, елді індет жайлауы мүмкін.

Ғұбайдолла КҮЗЕМБАЕВ, ТЕРЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мына мусордан бермесін. Бұдан бәрібір ешкім алмайды. Мынау қайта суды өткізіп тастап, уже ақшасын жұмсап қойды ғой. Енді ертең электрофикация келеді, газ келеді. Ол тағы шығын болады. Босқа ақшаны жұмсамасын, одан да артық ақшаны мына үйлердің арасына жол салуға жұмсасын.
Мұрат ӘУБӘКІРОВ, ТЕРЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мусорды аламыз дейді, оны қашан алатынын құдай білсін? Келесі жылы 20 миллион бөлінеді дейді. Аламыз, мынаны тазартамыз дейді. Тазартқанмен, мусордың үсті бәрібір қалады ғой. Мына жердің бәрі бырқырап жатқан жер. Кім бұл жерден участок алады?
Тұрғындармен тірескен шенеуніктер қоқысты ортасынан күреп, көше жасапты. Тіпті осы көшенің бойымен су тартып, әр үйдің тұсынан құбырын шығарып қойған. Мұның бәріне 200 миллион теңге жұмсапты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, ТЕРЕКТІ АУДАНЫ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Біздер қазір басқа жерден қарап жатырмыз. Қазірдің өзінде бұл үлкен мәселе. Полигонды басқа жерге ауыстыру деген экология департаментімен келісіліп шешілетін нәрсе. Келесі жылға таман бұл мусорканы тазартып береміз деп отырмыз. Бұл жерге дәл осы жерден участоктер берілмейді осы жерге.
Сөзінен тайған шенеуніктер енді жерді басқа аумақтан береміз деп сендірді. Осыған 200 миллионды қоқысқа "көмген" шенділер енді полигонды көшіруге 20 миллион теңге жұмсаймыз деп отыр.