Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Венада ОПЕК мүшелері мен картельге кірмейтін елдер бас қосты

AstanaTV
30.11.2016ж. 20:00
3036
Венада ОПЕК мүшелері мен картельге кірмейтін елдер бас қосты

Brent маркілі мұнай бағасы барреліне 51 долларға жетті. ОПЕК-ке мүше елдер кездесуінде Ирак мұнай министрінің мәлімдемесінен соң, қара алтын құны қымбаттап шыға келді. Ол келіссөздер кезінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп, қысқарту жарты жылға есептелгенін айтқан. Бірақ көлемі туралы сөз болмады.

Ал жаңа ғана Блумберг агенттігі келісімге қол жеткізілгенінін мәлімдеді. ОПЕК мұнай өндірісін күніне 1,2 миллион баррельге, жалпы тәулігіне 32,5 миллион баррельге қысқарту туралы уағдаласты деп хабарлайды. Дәл қазір келіссөздер өтіп жатыр. Сондықтан ортақ келісім туралы соңғы қорытынды жарияланған жоқ.

Шетелдік ақпарат құралдарының мәліметінше, бұған дейін ұйымға мүше елдер өндірісті тәулігіне 1,4 миллион баррельге азайту мүмкіндігін қарастырған. Ал ұйымға кірмейтін елдерге күніне 600 мың баррельге қысқартуды ұсынбақ. Бұған дейін Ресей энергетика министрі Александр Новак картель мүшелері бір байламға келсе, олар да көнетіндерін айтып қалған. Қазақстан энергетика министрі Венадағы жиынға қатысқан жоқ. Бірақ бұған дейін министр Қазақстан мұнай өндірісін қысқартуға қатысты шешімді ОПЕК-ке мүше елдер келісімінен соң қабылдайтынын айтты. Жабық өтіп жатқан жиын қорытындысы бірер сағаттан соң жарияланбақ. Бірақ бұл ақырғы кездесу емес. Егер келісім жасалмаса, тағы бір жиын желтоқсанға жоспарланған.